Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру – білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ретте мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету мақсатында консультациялық пункттер желісін кеңейту және олардың қызметін жетілдіру ерекше маңызға ие. 

Консультациялық пункттер – бұл мектепке дейінгі ұйымдар жанынан ашылатын, ата-аналарға педагогикалық, психологиялық, логопедиялық және әдістемелік кеңес беруге бағытталған құрылымдық бөлімше. Аталған пункттердің негізгі мақсаты – балабақшаға бармайтын балалардың дамуына жағдай жасау, ата-аналарды мектепке дейінгі тәрбиенің мазмұнымен және әдістерімен таныстыру, олардың педагогикалық мәдениетін арттыру. 

Пункттер қызметінің тиімділігі – ата-аналармен өзара тығыз байланыс орнатуында. Мұнда мамандар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес даму деңгейін анықтап, жеке консультациялар, практикалық сабақтар мен тренингтер өткізеді. Бұл жұмыс түрі баланың сөйлеу, ойлау, қозғалыс, әлеуметтік және эмоциялық дамуын қолдауға бағытталады. 

Консультациялық пункттердің желісін кеңейту әсіресе шалғай елді мекендер мен ауылдық аймақтарда өзекті. Себебі барлық бала балабақшаға баруға мүмкіндік ала бермейді. Мұндай жағдайда пункттер ата-аналарға педагогикалық көмек көрсетіп, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. 

Қызмет сапасын жетілдіру мақсатында келесі бағыттарда жұмыс жүргізу өзекті болып табылады: 

  • Педагог  мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру; 
  • заманауи цифрлық технологияларды пайдалану арқылы онлайн-консультациялар ұйымдастыру; 
  • ақпараттық-әдістемелік материалдар базасын толықтыру; 
  • ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейту арқылы тәжірибе алмасу алаңдарын қалыптастыру. 

Қорыта айтқанда, консультациялық пункттер желісін кеңейту мен олардың қызметін жетілдіру – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттырудың және оның қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс баланың жан-жақты дамуына, ата-ананың педагогикалық мәдениетін көтеруге және қоғамның білімді, белсенді ұрпағын тәрбиелеуге ықпал етеді.

А. МАУЛЕНОВА,

Жетісай ауданы білім бөліміне қарасты

 МКҚК «Ақмарал» бөбекжай балабақша меңгеруші міндетін уақытша атқарушы.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісін кеңейту және олардың қызметін жетілдіру

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған