Өмірде әр адамның алдында бір маңызды таңдау тұрады — ол мамандық таңдау. Бұл – болашағыңды айқындайтын, өз орныңды табуға жол ашатын шешуші қадам. Адамның өмір жолы, жетістігі мен қоғамдағы беделі көбіне таңдаған мамандығына байланысты. Сондықтан да мамандық таңдау – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды іс.

Мен, ұстаз ретінде, шәкірттеріме әрқашан айтамын:

“Өмірдің өз кірпішін дұрыс қалау – өз болашағыңды дұрыс қалыптастыру.”

Яғни, сен таңдаған мамандық – сенің ертеңгі бақытыңның, өмір жолыңның бастауы.

Мамандық таңдау кезінде ең бастысы – жүрек қалауына құлақ асу. Адам өзіне ұнайтын, қабілеті мен бейімділігі бар істі таңдағанда ғана табысқа жетеді. Себебі сүйіспеншілікпен атқарылған іс ешқашан жалықтырмайды, керісінше, шабыт сыйлайды.

Кейде жастар ата-ананың немесе достарының кеңесіне еріп, өз жүрегінің үнін тыңдамай мамандық таңдайды. Уақыт өте келе бұл таңдаудың қателік екенін түсінеді. Сондықтан, балалар, өз болашақтарың туралы ойланыңдар.

Қай іске бейімсіңдер, не нәрсе қызықтырады – соны зерттеңдер, ізденіңдер, өз қабілеттеріңді дамытыңдар.

Білім мен еңбектің арқасында ғана адам өз ісінің шебері бола алады.

Білім – биікке жетелейтін шамшырақ,

Еңбек – сол биікті бағындыратын құрал.

Қай мамандықты таңдасаң да, ең алдымен білімге ұмтыл, адал еңбек ет.

Мамандықтар әлемі өте кең. Біреу дәрігер болып ел денсаулығына қызмет етсе, біреу инженер ретінде жаңа технологияларды дамытады, енді бірі ұстаз ретінде келешек ұрпаққа білім береді. Барлық мамандықтың қоғамда өзіндік орны мен қадірі бар. Бірақ кез келген мамандық иесі ең алдымен өз ісіне адал болуы тиіс.

Мен өз мамандығымды – ұстаздықты – өмірімнің басты бағытым деп білемін. Себебі мұғалім болу – адамның жанына жарық нұр себу, шәкіртке өмірлік бағыт көрсету. Мұғалім – жай ғана сабақ беруші емес, шәкірттің болашағын қалыптастырушы тұлға.

Мұхтар Шаханов ағамыздың: «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық, сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» деген сөзі мен үшін үлкен өмірлік ұстаным.

Ұстаздың міндеті – оқушының бойындағы талант пен қабілетті тану, оны дамытуға жағдай жасау.

Қазақ тілін оқытуда мен үнемі жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, ойын түрлерін, топтық жұмыстарды пайдалануға тырысамын. Өйткені ойын арқылы бала тілді жеңіл меңгереді, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Бұл олардың өз қабілетіне сенімін арттырады.

Шәкірттеріме әрдайым:

“Қай мамандықты таңдасаң да, ең бастысы – өз ісіңді сүй!” – деп кеңес беремін.

Өйткені сүйіспеншілікпен істелген еңбек қана адамды биікке жетелейді.

Қазіргі заманда еліміздің дамуы үшін білікті мамандар қажет. Бәсекеге қабілетті ел болудың басты шарты – білімді, ұлтжанды жастар. Сондықтан, балалар, өз болашақтарыңа бүгіннен бастап қамқор болыңдар. Ізденіңдер, армандаңдар, мақсат қойыңдар. Мақсатсыз адам – бағыты жоқ желкен секілді. Ал мақсатқа жетудің кілті – білім мен табандылықта.

Қорытындылай келе, мен өз шәкірттеріме айтар едім:

Өмірде адам өз мамандығын сүйсе ғана бақытты болады. Қай істі таңдасаң да, оны сүйіспеншілікпен атқар. Сонда сенің еңбегің еленіп, өмірің мәнді де мағыналы болмақ.

Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі жанған ұстаз.

Сол сияқты, өз мамандығын дұрыс таңдаған шәкірт – өмір жолында адаспайтын азамат.

Умирбекова Айгерим Сапарбаевна,

Кенесары хан атындағы N62 ЖББМ Кәсіптік бағдар беруші педагог.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – ӨМІРІМІЗДІҢ  БІР КІРПІШІН ДҰРЫС ҚАЛАУ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған