Шекара қызметкерлері мен оқушылардың тағылымды кездесуі

Қ. Дәрімбаев атындағы №41 жалпы білім беретін мектепте 10–11 сынып оқушыларына арналған тағылымды кездесу өтті. «Еңбек адамы – ұрпаққа үлгі» атты бұл іс-шара ел қорғаны болған әскери мамандардың өмірі мен қызметін насихаттауға, жас буынның бойында отансүйгіштік сезім мен елге қызмет ету рухын қалыптастыруға бағытталды.
Кездесуге Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстары бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Толепбергенов Ринат Бейбитұлы және Мақтаарал ауданы бойынша шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, лейтенант Турашев Нұрдәулет Жанайдарұлы арнайы шақырылды.
Шекара қызметкерлері оқушыларға Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының құрылымы мен оқу жүйесі, әскери қызметтің ерекшеліктері жайлы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шекарашылардың жауапты еңбегі, ерлік пен батылдықтың үлгісі болып табылатын қызмет жолдары жөнінде қызықты деректермен бөлісті.
Іс-шара барысында оқушыларға әскери қызықты шекара туралы бейнекөрініс көрсетіп,оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Кездесудің басты мақсаты — жастарға әскери білім беру жүйесін таныстырып қана қоймай, олардың бойында азаматтық жауапкершілік пен Отан алдындағы борыш сезімін ұялату, болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру еді. Бұл мақсат өз жемісін берді деуге негіз бар: кездесуден кейін көптеген оқушылар әскери мамандықтарға қызығушылық танытып, шекара академиясы туралы қосымша мәліметтер іздестіретінін жеткізді.
Мектеп директорының айтуынша, мұндай тағылымды кездесулер оқушыларды елін, жерін сүюге, бейбіт өмірдің қадірін бағалауға тәрбиелейді. «Шекара қызметі – мемлекеттің айбыны, елдің тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі. Осындай кездесулер арқылы біз болашақ сарбаздар мен ел қорғаушыларды тәрбиелеуге үлес қосамыз», – дейді ұстаздар қауымы.
Іс-шараны кәсіптік бағдар беруші педагог Ж. Тұтқабекова мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Н. Сыздықов ұйымдастырды.
Кездесу соңында қонақтарға оқушылар алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Бұл тағылымды жүздесу жас ұрпаққа патриоттық рух сыйлап, Отан алдындағы борышқа деген құрмет сезімін күшейтті.
Жанар ТУТКАБЕКОВА,
Қ. Дәрімбаев атындағы №41 ЖББМ кәсіптік бағдар беруші педагог.