«Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бүгін Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі Темір Қырықбаев пен Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Жұмағали Төреқұл, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов жергілікті тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізді. Аталмыш қабылдауға Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішев пен Жетісай қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Алтынбаев қатысты.
  Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың бірі, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекенінің тұрғыны Шариф Давранов ауылда спорт комплексінің жоқтығын айтады. Ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтардан бойларын алшақ ұстаулары үшін, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасау мақсатында елді мекен мектебінің спорт залында спорттық үйірмелер ұйымдастыруға, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауға көмек сұраса, Байқоныс елді мекенінің тұрғыны Нұрлан Дәулетов спорттық комплекстің жұмыстарын тұрғындар өз есебінен асарлатып бастап жібергенін айтады.
  Сонымен қатар, Ынтымақ ауылдық округі, Нұр ауылының тұрғыны Құрбанай Муссулумова 87 жастағы әжесінің зейнетақы көлемінің тым төмен екендігін алға тартса, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Урзада Ермаханбетова өзінің зейнетақы қорындағы қаражатымен несиесін жабуға көмек сұрайды.
  Ал, Жетісай қаласының тұрғындары Бахтыгүл Джолдаева, Дүйсенкүл Ибрагимова және Айманкүл Қозыбаева баспана мәселесін алға тартты.
  Халық қалаулыларының қабылдауында болған Қызылқұм ауылдық округі, Қызылқұм ауылының тұрғыны Сәрсенбай Аджиханов ескі үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына көмек сұрады. Бүгінде 4 перзентімен 1950 жылы салынған ескі үйде тұрып келе жатқан жалғызбасты әке еденнің ескіріп, терезелерінің қирап жатқанын айтады. Жалғыз өзінің жалдамалы жұмыстан тапқан табысы ас-ауқаттан артылмайтын көрінеді. Айтылған бұл өтінішке байланысты облыстық мәслихат депутаты Темір Қырықбаев алдағы екі айда өз қаржысы есебінен тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруге уәде етті.
  Қабылдауға көмек сұрай келгендердің тағы бірі Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Сырабад елді мекенінен келген Мая Бегалиеваның да мәселесі оңды шешілді. Кәмелет жасына толмаған аурушаң қызының тамыры қысылып, өздігінен жүріп-тұруы қиындаған. Қажетті дәрі-дәрмектері табыған жағдайда физиотерапиялық емді 30 күн қабылдауы керек екен. Перзенттерін жолдасы екеуі жалдамалы жұмыспен асырап отырған ана тиісті емдік курсқа қаржының қолбайлау болып отырғанын айтады. Аталмыш мәселеге байланысты аудандық мәслихат депутаты Жұмағали Төреқұл қаржылай көмек беріп, «Жетісай» аудандық ауруханасы дәрілері мен тиісті емдерін тегін жүргізуге уәде берді.
Қоғамдық қабылдау барысында мәселесін айтқан әрбір азаматқа тиісті сала мамандары тарапынан құқықтық кеңестер беріліп, заң аясында жұмыстар жүргізілетін болды.
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған