Әр мамандықтың өз қиындығы мен жауапкершілігі бар. Ұстаздық – ерекше жол. Бұл жолды таңдаған мамандар әрдайым ізденіс пен дайындық үстінде жүреді, өз жұмысын сүйіспеншілікпен атқарады. Олардың бос сөз бен артық әңгімеге шығындайтын уақыты жоқ.
Нағыз ұстаздар – білімнің шын жауынгерлері. Сабақты бар жан-тәнімен беріліп өткізеді, әр оқушыға ерекше назар аударады. Шәкірттеріне тек білім беруді ғана көздеп, өзінің меңгерген жаңа білімін оқушыларға жеткізуге асығады. Оларға білім беру ғана маңызды. Кейде бір жұмыстармен осындай шын ұстаздарға хабарлассаң «сабағым басталып қалып еді» деп асығыс жауап беріп жатқандарын естисіз. Міне, бұл – нағыз маманның белгісі.
Осы ретте ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтқандай, білім беру саласына тек шын жүректен педагог болуды таңдағандар ғана қалып, нағыз маман ретінде ел болашағына еңбек етуі керек. Министр өз мамандығын қиын дейтіндер дұрыс таңдамағандар дейді. Нағыз педагог өз мамандығынан рух пен күш алады, жұмысын сапалы орындайды. Сондықтан мұғалімдікті тек айлық үшін емес, шын көңілмен таңдауы қажет деп санайды.
Расында нағыз ұстаздар – қоғамның тірегі. Мұғалім – кез келген адам бола алмайтын биік мәртебе. Шәкірттердің бойына білім нәрін сеуіп, жүректеріне шуақ себеді. Осындай ұстаздарды мақтан тұтайық!
Баршаңызға ұстаздық жолдарыңызда сәттілік тілеймін. Абыройлы еңбек етіп, ел құрметіне бөлене беріңіздер!
Алматов Ғалымжан Бауыржанұлы,
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.