Мырзакент кентінің орталық алаңында «Өнерлі өлке өрендері» өнер фестивалі аясында сахна шымылдығын А.Қалыбеков ауылдық округі өнерпаздары ашты.
Жергілікті көрермен қауым алдымен округтің «Туған жерім – ауылым» атты кітап көрмесін тамашалады. Онда сөреге жергілікті ақын-жазушы, журналистердің кітаптары қойылған екен. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің өнер туындылары да көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Өнер кешін А.Қалыбеков ауылдық округінің әкімі Молдахан Битеміров, елді қадірлі ақсақалдары – ақын, жазушы Тастан Мырзасейітов, елдің қадірлі батагөй қариясы Айтбай Оразбаев, ауыл биі Жасұзақ Садықовтар ашып, ауылдағы өнерлі жастарға әрдайым қолдау білдірейік, таланттарды елге танытуда осындай тәрбиелік мәні зор тағлымды іс-шараларды мазмұнды етіп өткізейік дей отырып, А.Қалыбеков ауылдық округінің тереңде жатқан тарихын, қол жеткен жетістіктерін баяндады. Осы өңірден шыққан дарынды күйшілер Оразбек, Қалдыбек Надировтардың есімдерін, өнерін құрметпен еске алды.
Ауыл өнерпаздары қойған гала-концертте «Шабыт» домбырашылар тобы «Адай», «Балбырауын» күйлерін күмбірлете тартып, тыңдарманды баурап алды. Ауылдық округтегі әжелер алқасының мүшелері сахнада «Қызды төрге шығару» атты ұлттық салт-дәстүр көрінісін шебер орындады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ауылда әнші, күйші, биші жастар аз емес аз емес екен. Қайрат Ештаев орындаған «Жастарға өсиет» термесі өнер сүйер қауымның көңілінен шықты. Сондай-ақ, әп-әдемі сазды үні бар Аяз Арапбек, Сандуғаш Бәйімбетова, Дәулет Сұлтановтар шырқаған әндерді көрермендер жылы қабылдады.
Домбыраның құлағында ойнайтын өнерлі жас Қалыбек Нұргелді «Әлқисса – Нұрғиса» күйін төгілте тартты. Хадиша Қалыбай «Мәншүктің анасына жазған хаты» монологын тебіреніспен жатқа оқыды. Осы кеште Қызжан апамыздың өнері көрерменді ерекше тамсантты. Өзбек ұлтының өкілі Сәбила Асилова «Келін сәлем» көрінісі мен өзбектің ұлттық биін нәшіне келтіре орындады. Мектеп оқушыларыны мың бұрыла билеген билері де көптің көңілінен шықты.
Өнер кешін әншілер Аяз Арапбек пен Жұмабай Арайлым «Жолыққан қандай жақсы» әнімен қорытындылауы, оларға округ өнерпаздары, ауыл қариялары сахнаға шығып қолдау білдіруі өте жарасымды болды.
Өнерлі өлкедегі өнер сүйер қауымының белсенділігіне біз де риза болдық.