Түркістан облыстық Журналистер Одағының ұйымдастыруымен Түркістан облысы және Мақтаарал, Жетісай аудандары журналистерінің бас қосуымен семинар-кеңес болып өтті. Жиында биыл 19 маусымда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев бекіткен «Масс-медиа туралы» ҚР Заңына масс-медиа мәселелері бойынша  енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, журналистер мүддесін қорғауда маңызды құжаттың  мәні мен маңызы, жергілікті аудандық газеттердің өзекті проблемалары кеңінен талқыланды.

Өңірлік маңызы ерекше осы семинар-кеңесті ашып сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының басшысы, ақын-журналист Айдар Сейдәзім елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық реформаларды, «Әділетті Жаңа Қазақстанды» орнықтыруда жүзеге асып жатқан  бастамаларды жұртшылыққа түсіндіріп, насихаттауда журналистер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын  атап көрсетті. «Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев биыл 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиналыста: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де  солай.» деген болатын. Бұл журналистерге деген үлкен құрмет, зор сенім.Бүгінгі семинар-кеңесте журналистер алдында тұрған басты міндеттерді саралап, ой елегінен өткізіп, жергілікті БАҚ өкілдерінің іске деген жауапкершілігін, олардың өзекті мәселелері мен проблемаларын көтеріп, сарапқа салсақ дейміз,»-деді.

Алғаш болып сөзге шыққан «Түркістан» қалалық газетінің директоры-бас редакторы Түркістан облыстық Журналистер одағы төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Дәулетов жаңа медиа дәуірі басталған тұста әрбір газет, телеарна ұжымы барша журналистер қауымы жаңашылдықа ден қойып, жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдалануы тиіс. Аудандық газеттер таралым деңгейі төмендеп, оқырманы азая түскен қазіргі кезде, газет жанынан арнайы жеке сайттар ашып, күнбе-күнгі  жаңалықтарды жедел жеткізудің  тетігін іске қосса  ұтылмас еді деді. Облыстық журналистер одағының жұмысын одан әрі жандандыру  бағытында  бірқатар  іс-жоспар түзілгенін, келешекте оны  жүйелі түрде  іске ендіру  туралы  ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ осы жиында сөз алған Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика факультетінің негізін қалаған ардагер ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдолла Садықов жоғары оқу орнының қабырғасында журналист мамандар дайындау жақсы жолға қойылғанын  тілге тиек етті. Облыс, аудан деңгейінде жұмыс істеп жатқан БАҚ өкілдері де ел мен қоғам мүддесін бәрінен жоғары қойып, қазіргідей алмағайып заманда халыққа жан-жақты сарапталған,  тексерілген шынайы ақпараттар ұсынғаны жөн деген ойын айтты. Басқосуда тәуелсіз, жаңашыл журналист, интернет  ресурстың білгір  мамандары – Әсет Әсанди,  Арай Есенбеков, «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Асылбек Досалылар әріптестерін қоғамдық пікірдің маңызды факторына айналған кезеңде  ескі, таптаурын әдіс-тәсілдермен жұмыс істеуге болмайды,интернет әлеміне терең бойлапақпаратты жедел беруге, бос сөзділіктен аулақ болуға, әрдайым оқиғаның ортасында жүріп, елді алаңдатып, толғандыратын мәселелерді батыл көтеріп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Семинар-кеңесте тәуелсіз «Орта Азия», «Ақпарақ» газеттерінің бас редакторлары Боранбай Құдияров пен Жаппар Ғаппар, «САНҰР» телеарнасының директоры Гүлмира Саржанова, «Жаңа Жетісай»  газетінің бас редакторы Алтынбек Тастанбеков, осы газеттің жауапты хатшысы Эльмира Өсербекова, «Мақтаарал» газетінің директоры – бас редакторы Сәбит Қалдыбаевтар жергілікті БАҚ аудандардың бет-бейнесін, өмірі мен тыныс-тіршілігін жан-жақты, толыққанды көрсетіп, халықтың үні, бұқараның рухани тірегі болуға күш салып келе жатқанын айтты. «Бізде де басқа аудандардағы секілді тендерде мемлекеттік саясатты насихаттауға қаржының аз бөлінуі, редакция қызметкерлерінің жалақысының төмендігі, газет таралымының құлдырап, азайып кетуі, журналистердің  баспана кезегіне тұрып, коммуналдық үй алуға мүмкіндігінің болмауы, шипажайларда  демалып, денсаулығын жақсарту үшін жолдама берілмеуі, жоғарыдан «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» т.б. марапаттарға мүлдем ұсынылмауы секілді мәселелердің бар екені  ашық айтылып, бұл өтініш, ұсыныс-пікірлерді  облыстық Журналистер одағы қарап, қолдау, көмек берсе деген тілектерін білдірді.

ЖУРНАЛИСТЕР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША БАС ҚОСТЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған