Өкінішке орай бүгінде нашақорлық – қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының біріне айналып отыр. Бұл – болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індетпен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – өте өзекті іс болып тұр. Осыған байланысты Мырзакент кентінде «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында форум өтті.

Бұл өзекті іс-шараның басты мақсаты – жастарды нашақорлықтың зияны туралы хабардар ету, олардың бойында салауатты өмір салтына деген ынтаны күшейту және бұл дерттің алдын алудың жолдарын қарастыру.

Аталмыш жиынға аудан әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов, аудан прокуроры Айтболат Досаев, ауданның полиция бөлімінің бастығы Ердәулет Амантаев және кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары, учаскелік полициялар, мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары және жастар мен қоғам белсенділері қатысты.

Бұл жиында алғашқы сөзді алған аудан әкімі Бақыт Асанов бұл мәселе бүгінгі таңда тек Қазақстанды ғана емес әлем елдерін алаңдатып отырғанын атап өтті. «Есірткі жастарымыздың білім алу, жұмыс істеу қабілеті мен еңбекке деген құштарлығын бәсеңдетеді. Ол уақыт өткен сайын тәуелділікке әкеліп соқтырады. Ал, тәуелділіктің соңы айтпаса да белгілі. Сондықтан, өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден қоғам, ел болып арылуымыз керек. Бүгінгі форумда айтылатын пікірлер мен ұсыныстардың барлығы болашақта есірткіге қарсы күресті күшейтуге, жастардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді деп сенемін. Сондықтан да, есірткіге «жоқ» деп айтайық және салауатты өмір салтын қолдайық!» – деді аудан басшысы.

Осы жиын барысында аудан прокуроры А.Досаев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Амантаев та сөзге шықса, аудандық соттың судясы Құнанбай Мұсаев, «Мырзакент» аудандық ауруханасының дәрігер наркологы Асел Досанова, облыстық дін мәселелерді зерттеу орталығының теологы Әбділкәрім Болат, «Мырзақұл ата» мешітінің имамы Уалихан Шындуалиев нашақорлық туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Мақтаарал аудандық мәдениет үйі қызметкерлері қойған «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты сахналық көрінісі көптің көкейіне жетіп, нашақорлықтың соңы адам тағдырының, отбасының ойрандалуына алып баратыны керемет көрсетілді. Аудандық полиция бөлімі тарапынан дайындалған видеоролик те көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, іс-шарада патриоттық тақырыпта әндер айтылды.

Бүгінгі таңда мемлекетіміз нашақорлыққа қарсы күресте үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Заңнамалық тұрғыдан қатаң шаралар қабылданып, құқық қорғау органдары есірткі саудасына тосқауыл қоюда үлкен күш салуда. Осыған орай біздің ауданда да нашақорлыққа қарсы көптеген спорттық, мәдени және ақпараттық іс-шаралар өткізілуде.

НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған