Қазіргі күні елімізде АЭС салуға бірнеше себеп бар. Біріншіден, елдің экономикалық өсуі мен халық санының артуы электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Екінші мәселе – елдегі ескірген энергетикалық инфрақұрылымның тозуы. Әсіресе көмірмен жұмыс істейтін стансалар экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып барады. Сол себепті бізге экологиялық тұрғыдан тиімді әрі электр энергиясын тұрақты өндіруші стансалар керек. Бұл рөлге АЭС-тер әбден лайық болар еді.
2023 жылы Қазақстан Ресейден 3,4 млрд. кВт/сағ электр энергиясын импорттап, бұл елдегі электр энергиясының 20 пайызын құрады. Осыған байланысты АЭС тұрақты әрі сенімді энергия көзі болып отыр. Үшіншіден, АЭС-тің құрылысы Қазақстанның көмір мен газға тәуелділігін төмендетіп, атмосфераға бөлінетін көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай стансалар экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі ретінде елдің парниктік газдарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауына көмектеседі.
Сонымен қатар атом энергетикасы ел экономикасына да оң әсерін тигізеді. Мысалы, Францияда атом өнеркәсібі 457 200 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Егер Қазақстанда да АЭС салынатын болса онда мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылары сөзсіз. Себебі, еліміздің өз уран қоры мен энергетикалық қажеттіліктерін ескере отырып, атом энергетикасының әлеуетін тиімді пайдалана алу мүмкіндігі бар.
Айгүл ҚАСЫМОВА,
Комаров атындағы ЖББМ-нің педагогы.
Атакент кенті.