Мақтаарал ауылдық округі, Өркениет елді мекенінде жас кәсіпкер Қожанов Дәулет Лесбайұлы жылқы шаруашылығын дамытып, үстіміздегі жылдың мамыр айында «Қымызхана» ашқан болатын. Жағымды жаңалықты Мырзашөл халқы жылы қабылдап, бүгінде қазақтың ұлттық сусыны қымызға деген сұраныс арта түсуде.

Жеке кәсібін ашып, тұрғындарды табиғи өніммен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер Дәулет Лесбайұлы бүгінде бабы келген сегіз биені байлап, сауып отыр екен. Жастайынан жылқы малына жаны жақын болып өскен ол, көкпарға барып, салым салып қайтқан кездері де аз болмаған.

– Басқа аймақтарға көкпарға барып жүріп, қымыздың дайындалу тәртібін зерттеп, сапасына айрықша мән беріп жүргенмін. Кейіннен өзіміздің ауданнан неге қымызхана ашпасқа деген ой туындап, осы кәсіпті аштым. Жалпы сегіз биеден күніне 30 литр шамасында сүт аламын. Төрт адамды жұмыспен қамтып отырмын. Сауыншы, аспаз, сатушы және ыдыс жуушы келген қонақтарға сапалы тағамды тұтыну үшін тыңғылықты еңбек етуде. Ас мәзірімізде сырбаз қозының етінен жасалынған қуырдақ және қымыз бен қымыран бар. Саумалға қарағанда қымыздың бағасы жоғарылау, саумалдың кесесі     500 теңге болса, қымыздың литрі 1200 теңге. Өйткені, оның жұмысы, дайындау техникаларына кететін шығындары бар. Таулы аймақтан арнайы киік оты өсімдігін алдырамын. Қымызды ашытатын кезде киік отын тазалап жуып, қымызға салып қойса иісі шығып, дәмі керемет болады. Киік оты да емдік қасиеті бар өсімдік. Бұл қымыздың емдік сапасының артуына көмектеседі. Күбіні ыстау, ашыту, оны қайтара пісу деген сияқты ыждаһаттылықты талап ететін жұмыстары да жетерлік. Қымызды пісуге негізі көп уақыт кетеді, сондықтан арнайы құрылғы жасап алдым. Халық жақсы қабылдап, ризашылықтарын айтып, күннен күнге сұраныс артып жатыр. Қазір той-жиындарда да бұрынғыдай ащы суды емес, өзіміздің ұлттық сусынымызды қонаққа ұсынуда. Бұл әрине, көңіл қуантады. Өйткені, жылқы өнімінің адам денсаулығына тигізер пайдасы орасан, – дейді Дәулет.

Кез келген шаруаның қызығымен қатар қиындығы да бар. Бұрын сауылмаған биелерді үйрету де оңай шаруа емес. Дәулетке алғашында биелерді үйрету қиындық туғызғанымен, қазір бұл шаруаны да дөңгелетіп, әр биенің әр түрлі мінезін танып, үйретіп жатқандығын айтты.

Қазақ халқында жылқы мінезді деген сөздің өзінде үлкен мән бар. Жылқы тектілігі ерекше жануар. Жылқыны бағу,  оның өнімдерін адам игілігіне жарату – күнелту қамы болса, оны баптап, жаратып, бәйгеге қосу – бұл өнер. Жылқы малына ерекше жақын болу қанмен сіңетін қасиет шығар. Дәулеттің ағасы Жұмат көкпар ат баптайды екен. Ағасының сенімінен шығып, көкпар атымен салым салып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

– Көкпар спорты жаныма жақын.  Ағамның Ханторы деген атымен талай жүлделі орындардан көріндік. Былтыр осы Ханторы Мақтаарал ауданындағы ең үздік ат болып танылды. Арнайы көкпар спорт клубының марапатын алғанбыз, – дейді ол.

Дәулет Қожанов 1991 жылы Мақтаарал ауданы, Еңбекші ауылдық округі, Т.Жайлыбаев елді мекенінде туған. Б.Саттарханов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының түлегі. Жастайынан аттың құлағында ойнап өскен ол спорттың дзюдо үйірмесіне қатысты. Бәсекелі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, алған марапаттары да аз емес. Атап айтсақ, қазақша күрестен республикалық, облыстық және халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Алған марапаттары, кубогы мен турнир медалдарын көріп, оның өмірге деген құштарлығына, спортқа деген сүйіспеншілігіне риза болдық.

– Адамға білім артық етпейді ғой. Мал шаруашылығымен айналысқандықтан Мақтаарал ауыл шаруашылығы және агробизнес колледжінде ветеринария мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім, – дейді бізбен әңгімесінде. Ұзақ жылдар бойы бала тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосқан ұлағатты ұстаздар –  әкесі Лесбай пен анасы Шарипаның тағылымды тәрбиесімен сусындап өскен Дәулет адал еңбек етуді басты ұстанымына айналдырған.

– Қазіргі таңда жасөспірімдердің көпшілігі ғаламторда отырудан жалықпайды. Ол бала әрине айналадағылармен қарым-қатынас жасаудан алшақтап, оқшаулана береді. Ер азаматты тәрбиелейтін еңбек, спорт емес пе? Содан қол үзіп қалған бала бойындағы ер азаматқа тән мінезі мен бүкіл болмысын жоғалтады. Ұлдарыма барынша дұрыс тәрбие беріп, соларға үлгі бола білсем деген мақсат тұр алдымда. Қымыз ұлттық сусынымыз болғандықтан, қымызхана ашқанда қазақтың киіз үйін арнайы жасатып, ұлттық өрнек нақышымыз да үйлесім тапсын деген оймен Алматыдан алдырдым, – дейді ол.

Жас кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, комиссия қолдауына ие болыпты. Алдағы уақытта қажетті шаралар жасалынса, жылқы малын бордақылап, аудан тұрғындарын ет өнімімен де қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Ұ. АРТАЙ, Мақтаарал ауданы.

АТА КӘСІПТІ ДАМЫТЫП ПАЙДА ТАУЫП ОТЫР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған