Дәрігерлік – қастерлі мамандық болып саналады. Сонымен қатар, бұл мамандық иелерінің арқалар жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салада ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан гинеколог-дәрігер Токсаев Абдусаттар Кучаковичті өңірімізде танымайтын адам кемде-кем.

Қырық жылдық еңбек өтілінде талай нәрестенің өмірге келуіне себепші болған ақ халатты абзал жан «Атакент» Мақтаарал аудандық ауруханасында перзентхана бөлімінің меңгерушісі. Ана мен баланың амандығы үшін күресіп жүрген мықты маман.

Абдусаттар аға 1963 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген.          1992 жылы Астрахан мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы фосфор ауруханасында бастайды. Кейіннен 1993 жылы Мырзакент ауруханасында қызметін жалғастырады.   2002 жылы Атакент ауруханасында қызмет етеді. Бес жылдан астам уақыт ота бөлімінің меңгерушісі болды. Еліміз егемендік алған жылдарда, медицина саласында да көп қиындықтар кездесті. Сол жылдардағы қиындықтарға мойымай, денсаулық сақтау саласына аянбай қызмет етті. Білікті маман тек еңбек етіп қана қоймай үнемі ізденіп, білімін жетілдіреді. 2006 жылы Алматы қаласында білімін жетілдіріп, құрсақ қуысының ультрадыбыстық диагностикасы бойынша толық курсын оқып, ультрадыбыстық толқынның көмегімен ішкі ағзаларды зерттеу әдісін меңгереді.

Абдусаттар аға ұзақ жылдар бойы тәжірибесін арттырған білікті маман болып табылады. Адал қызметі мен біліктігі үшін елдің алғысына бөленген жан. Алған марапаттары да аз емес. Жаңа әдістер мен технологияларды да меңгеріп, өз тәжірибесінде жиі пайдаланады. Ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында білікті дәрігер Абдусаттар Кучаковичті әңгімеге тартқан едік.

– Бала – отбасының ізбасары болғандықтан оның өміріне барынша жауапкершілікпен қараған жөн. Ол үшін ең алдымен ананың денсаулығы жақсы болуы тиіс. Бұл тұста ең дұрыс шешім – жоспарлы жүктілік. Алайда, көбіне әйелдер жүкті екенін білген соң ғана медициналық тексеруден өте бастайды. Қазір экологиялық ахуалға байланысты әртүрлі сырқат түрлері көбейіп отыр. Қаназдық, бүйрек, жүрек жетіспеушілігі, жатырдағы инфекциялық аурулар, қан қысымы секілді ауруларға атүсті жеңіл қарауға болмайды. Себебі, бұл құрсаққа біткен бала денсаулығына әсер етеді. Сондықтан, жүктілікті жоспарлап, емделіп, алдын ала медициналық тексеруден өтіп, содан кейін сәбиін өмірге әкелуге дайындалған абзал. Ана болу үшін, болашақ ананың психологиялық дайындығы да маңызды рөл атқаратынын естен шығармау керек.

Жоспарланбаған жүктілік салдарынан денсаулығы нашар, немесе денсаулығында қандай да бір кінәрат бар сәбилер дүниеге келуі мүмкін. Сондықтан жоспарлы жүктілік, дені сау ананың, дені сау баланың ең басты кепілі екенін естен шығармаған жөн. Ал қазіргі кезде өкінішке орай жастардың басым бөлігі денсаулыққа жіті көңіл бөлмейді.

Қазіргі өркениеттің негізі, дені сау және рухани дамыған адам. Басқа жағынан қарағанда, дені сау ұлт мықты мемлекеттің нағыз белгісі болып табылады, – дейді Әбдусаттар аға.

Әбдусаттар аға мен өмірлік серігі Ханила жеңгей екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бес перзентінің төртеуі әке жолын таңдаған медицина саласының мамандары. Үлкен ұлы хирург-дәрігер, қыздарының үлкені акушер-гинеколог болса, кейінгі екі қызы мейірбикелер. Екінші ұлы мұғалім мамандығын таңдапты.

С. ҚАЛДЫБАЙ.

ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚ ИЕГЕРІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған