Мақтаарал ауданы, Еңбекші ауылдық округі, Жайлыбаев елдімекенінде ауылдық мәдениет үйі ашылды. Бұл өнер ордасын ауыл тұрғындары көптен бері күткен болатын.
Ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатында – Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері, елге танымал дирижер Жалғасбек Бегендіков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағағсы Сейітбек Оңғаров, ауыл ақсақалы Зұлпықар Қалжанов пен өзге де елге сыйлы азаматтар лентаны қию салтанатына қатысып, көпшілікке өздерінің игі тілектерін жеткізді.
Бұл жерде айта кетерлігі, 1978 жылдан осы күнге дейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ұлағатты ұстазы Ж.Бегендіков ағамыз – қазақ оркестрін ұйымдастыруда (1992 ж.) еңбегі мол болуымен қатар, «Партитуралар жинағы» (1994 ж.) «Әдістемелік құралдар» және де «Педагогикалық» (2007 ж.), «Дирижирование» (2007 ж.) мен т.б. ғылыми жұмыстардың да авторы. Оның көптеген шәкірттері бүгінгі таңда еліміздің әр аймағында жемісті еңбек етуде.
Жалғасбек Бегендіков ағамыз, еліміздің жетекші өнер ұжымдары – Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, Нұрғиса Тлендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен басқа да еліміздің кәсіби өнер ұжымдарымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасап, әлемнің атақты сахналарында табысты өнер көрсетіп келеді.
Ауылдық мәдениет үйінің ашылуына арналған салтанатты шарадан кейін, аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақ алтын» ұлттық аспаптар ансамблінің өнерпаздары салтанатты концерт қойып, халықтық әндер мен күйлер орындауларымен көпшіліктің ризашылығына бөленді.