Мақтаарал ауданында Сәбит Сартаев басшылық жасайтын «Сартаев» шаруа қожалығына тиесілі жылыжай жылына 3 миллион көшет өндіреді. БАҚ өкілдері ауданға қарасты А.Қалыбеков ауылдық округіне жасаған пресс-тур барысында аталған жылыжайдың жұмысымен толық танысты.
С.Сартаев жылыжай шаруасымен айналысып жатқанына 12 жыл болған. Алғашында 10 соток жерден жылыжай ашқан ол сұраныстың артуына байланысты көлемін жыл сайын ұлғайтып, қазіргі таңда көлемін 1 гектарға жеткізген. Табысты кәсібі арқылы 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған шаруа қожалық иесі еңбек етіп, табыс табам деген адамға жұмыс өте көп деген пікірін білдірді.
«Алдағы уақытта жылыжай көлемін тағы да ұлғайтамыз деген жоспарымыз бар. Қосымша еңбек күшін қажет ететін бұл салада мауысымына қарай қырыққабат, қауын, қарбыз көшеттерін дайындап, тапсырысқа сай өндіреміз. Жалпы адамда жұмыс істеуге ниеті және жетістікке жетуге деген талап-тілегі болса, екі қолға бір күрек міндетті түрде табылады. «Жұмыс жоқ» дейтіндер – нағыз жалқаулар. Әсіресе, қазіргі нарықтық заманда ер азаматтарымыз жауапкершілікті мойнына алып, отбасын асырау үшін тынбай жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Еңбектің жаманы жоқ, еңбек еткен адамға құдай несібесін береді» – деді С.Сартаев.
Жылыжайдың бас агрономы Сейітбек Жұманов қырыққабат өндіру жұмыстары желтоқсан айында басталғанын атап өтті. Оның айтуынша қырыққабаттың сортына қарай диқандар тұқымдарын өздері жеткізіп, оны өндіріп беруге тапсырыс береді екен. Егілген тұқым өніп шыққанша қыруар жұмыстар атқарылады. Алайда, көшеттің бағасы да еткен еңбекті ақтайды дейді агроном.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында жалпы жылыжайлардың көлемі 53 гектарға жеткен. Көшет өндіруден бөлек, шаруалар қызанақ, қияр, лимон сияқты т.б. түрлі дақылдарды өсіріп, қысқы ауа-райында жақсы табыс табады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
МАҚТААРАЛДА СӘБИТ САРТАЕВ БАСШЫЛЫҚ ЖАСАЙТЫН ЖЫЛЫЖАЙ ЖЫЛЫНА 3 МИЛЛИОН ДАНА КӨШЕТ ӨНДІРЕДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған