Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына нық қадам бастайды.
   Жастардың алып күш иесі екендігін басты назарда ұстайтын мемлекетімізде оларға деген қамқорлықтар мен жасалып жатқан жағдайлардың барысы бөлек.
   Жетісайлық ел ағалары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жалын жүректі, өр намысты жастарына арнап аллея ашып, тамаша тарту жасады.
    Шараның ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мен Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Темір Қырықбаев пен Талғат Қаржауов, аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сунгат Амангелдиев, мәслихат депутаттары Рустем Наматуллаев, Айбек Султанмурат, Гульмира Саржанова мен Эльмира Темірбаев, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов пен ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.
  Аудан басшысы жұртшылықты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, аллеяның ашылуына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
   Айта кетейік, Жетісай қаласының төртінші деңгейлі бюджетінен бөлінген 30 млн теңгеге 3 айдың ішінде қолданысқа берілген аллеяда 30 орындық пен балаларға арналған тербеткіштер орнатылып, шыршалар егілген. Қауіпсіздік шаралары қарастырылып, айналасы қоршалған.
«Жергілікті тұрғындардың өтінішіне орай аудан әкімінің тапсырмасымен салынған аллеяда алдағы уақыттарда көгалдандыру жұмыстары толық жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде 50-ге тарта шырша көшетін отырғыздық. Жасалып жатқан жұмыстың бәрі жастарымыздың, осы маңдағы тұрғындардың демалысын дұрыс ұйымдастыруға бағытталған» дейді Жетісай қаласы әкімінің орынбасары Ербол Сәуірбаев.
  Жиын соңында мерекелік тартулары үшін ел ағаларына алғыстарын айтқан аудан жастары өз ризашылықтарын білдірді.
ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖАСТАРҒА АРНАП ЖАҢА АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған