Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мақтаарал ауданының аумағына қарасты 56 жалпы білім беретін мектептің оқушылары арасында футболдан «Былғары доп» біріншілігі басталды.Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Серікбаев, ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Тәтеев және «Мақтаарал» футбол клубының директоры Серікбай Өтегеновтар командаларға сәттілік тілеп, «Былғары доп» біріншілігін ресми түрде ашық деп жариялады.
«Біздің Мақтааралда футбол мектебі толықтай қалыптасқан деп айтуға болады. Өйткені, өздеріңіздің ағаларыңыз ойнайтын «Мақтаарал» футбол клубы өте аз бюджетпен бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, республикалық премьер-лига ойындарына жолдама алды. Міне, сол ағаларыңыздан үлгі алып, сіздердің араларыңыздан да ауданымыздың, еліміздің намысын қорғайтын мықты футболшылар шығуына тілектеспін. Мектеп оқушылары арасындағы біріншілікті ашық деп жариялаймын!» – деді Бақыт Насырханұлы.
Ашылу рәсімінде еліміздің әнұраны айтылып, жарысқа қатысушылар көк туымызға қарай бой түзеді. Осылайша 56 мектептің командалары арасындағы футболдан үлкен жарыс басталып кетті.
Айта кетейік, «Былғары доп» біріншілігі 2022 жылдың наурыз айына дейін жалғасып, ауданның кіл мықтылары анықталатын болады.
МАҚТААРАЛДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН «БЫЛҒАРЫ ДОП» БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ