Түркістан облысында күзгі жиын-терім науқаны жүріп жатыр. Бүгінге дейін 3 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Жыл соңына дейін күзгі өнімнің жалпы көлемі 3,5 млн. тоннаға жеткізіледі. Қазіргі таңда 1,1 млн. тонна көкөніс, 1,7 млн. тонна бақша, 290 мың тонна картоп және 61 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға егілді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал мен Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған тың жобалармен танысып, диқандармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Өңірде әртараптандыру нәтижесінде мал азықтық дақылдардың көлемі 2,6 мың гектарға артып 215,4 мың гектарға, бақша дақылдары 8,9 мың гектарға артып 70,6 мың гектарға орналастырылды.
Сәйкесінше, мақтаның егіс көлемі 16,2 мың гектарға кеміп 109,7 мың гектарға егілді. (Мақтаралда – 35,6 мың га, Жетісай– 44 мың га.) Сондай-ақ дәнді дақылдар 300 мың гектар, майлы дақылдар 85 мың гектар, көкөніс 43 мың гектар, картоп 15 мың гектар, яғни, өткен жылдың көлемінде егілді. Облыстағы 238 мың га егілген астықтан гектар түсімділігі 10 центнерден 238,3 мың тонна дән қамбаға құйылды. 46,1 мың га егілген дәндік жүгерінің гектар түсімділігі 57 центнерді құрап 118 мың тонна өнім жиналды. 83,5 мың га егілген мақсары дақылынан 5,3 центнерден 36,4 мың тонна өнім жиналды. Жинау жұмыстары жалғасуда.
Еңбек өнімділігін еселеп арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылуда. Биыл 9 мыңға жуық гектарда 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бірінші өнімнен 160 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналып, 60 мың тоннадан астам екінші өнім жиналды.
Жылыжайлар 90 гектардан астам алқапқа салынып, жалпы көлемі 1 424,6 гектарды құрады. Бүгінгі күнге, жылыжайларда қияр, қызанақ, бұрыш секілді жалпы 145 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Биыл егілген егіс көлемнен 25,2 центнерден 276,1 мың тонна шитті мақта жинау жоспарлануда. Ақ алтынның 90 пайызы техниканың көмегімен жиналады. Бүгінгі күнге жоспарланған егіс көлемінің 590 гектары теріліп, 21 центнерден 1,3 мың тонна өнім жиналды.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Атакент кентіндегі №14 колледжінің жұмысымен танысып, өзекті мәселелерді талқылады. Білім ордасында көпшілік назарына студенттердің қолымен жасалған темір еңбек құралдары мен темірден соғылған жиһаздар мен бұйымдар қойылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
__
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 МЛН.ТОННА КӨКӨНІС ПЕН БАҚША ӨНІМДЕРІ ЖИНАЛДЫ