1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен Мақтаарал ауданының 50-ге жуық қазыналы қариялары киелі Түркістан шаһарына саяхат жасады.Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Ең алдымен, қариялар ислам дінін таратушы, сопылық ілімнің негізін қалаушы, ғұлама, әулие, ақын, философ Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесіне зиярат етіп, мұндағы тарихи құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, осында жерленген жүздеген хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз бен ақындарымыз, әулие-әмбиелерімізге арнап құран бағыштады.
Өз дәуірінде араб, қытай, парсылар мен еуропалықтар көз тіккен «Ұлы жібек жолының» ортасындағы ең үлкен қала, күллі түркі жұртының тарихи астанасы болған Түркістан облыс орталығы атанғалы қайта жандануда. Оған дәлел – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік сауда кешені.
Кешеннің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қ.Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестиция тартатын басты орталыққа айналып үлгерген. Керуен сарайды аралаған ардагерлер естелікке суретке түсіп, көне шаһардың жаңадан жарқыраған бейнесіне куә болды.
Шаһарда саяхаттап, жаңадан салынған нысандармен толық танысқан қариялар «Түркістан Арена» стадионында «Мақтаарал» ФК мен «Қыран» ФК-ның ойынын тамашалап, мақталы өлкенің командасына жанкүйерлік қолдау көрсетті.
Қызықты әрі тартысты ойынның барысында мақтааралдықтар алғашқы голды соғып, кейіннен есе жіберіп алды. Нәтижесінде ойын 1-1 есебімен тең аяқталды. Дегенмен, «Мақтаарал» футбол клубы ҚР Бірінші лиганың турнирлік кестесінде 1 орнын сақтады.
Айта кетейік, мақтааралдық ардагерлердің Түркістан қаласына жасаған саяхаты қызықты әрі көңілді өтіп, аталған сапарды ұйымдастыруға бастамашы болғаны үшін аудан әкіміне қазыналы қарияларымыз алғыстарын жаудырды.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
МАҚТААРАЛДЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ КИЕЛІ ТҮРКІСТАН ШАҺАРЫНА САЯХАТ ЖАСАДЫ