АУДАНАРАЛЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Әйел құқығы – еліміздегі басты мәселелердің бірі. Аудандар аумағында гендерлік саясатты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, әйелдердің құқығын қорғау мақсатында «Әйелдермен қарым-қатынастағы зорлық-зомбылық: жағдай және болжамдар» тақырыбында ауданаралық семинар-тренинг өтті.
«Бейбіт болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі отбасылық құндылықтарын және қоғамның адамгершілік қағидаларын жаңарту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік консультация беру, сондай-ақ, өңірлердегі сенім телефондары мен дағдарыстық орталықтарының бар екенінен халықты хабардар етуді негізге алған шараға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарынан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайымен тікелей жұмыс жүргізетін қоғам белсенділері, жергілікті маслихат депутаттары, әжелер алқасы, аналар кеңесі, отбасылық клуб мүшелерімен педогог-психологтар қатысты.
Тренингте психология ғылымдарының кандидаты, Президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының сарапшысы, Түркістан облысында бала құқығын қорғау жөніндегі үәкілетті өкілі, бала құқығын қорғау бойынша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Вероцкая Гульжан Ералықызы және Түркістан облысы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, «Жас туристер станциясы» КММ директоры Сәуле Өмірсерікқызы әйелдердің құқығының қорғалуы, олардың қоғам алдындағы дәрежесінің сақталуы аясында заңда көрсетілген ережелер түсіндірілді. Сонымен қатар психологиялық тұрғыдан зорлық зомбылық көрген әйелдерді қалай анықтау және оларға дер кезінде қандай көмек көрсету керектігіне тоқталды. Қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер талқыланды.