Жетісай ауданының орталығында Жетісай қаласының 55 жылдығы аясында мерекелік іс-шарасы болып өтті. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Мамытов қала тұрғындары мен қонақтарын қала мерейтойымен құттықтады және биылғы жылы үздік нәтижеге қол жеткізген шаруаларды марапаттады.
Салтанатты іс-шара аясында қаланың орталық «Жеңіс» алаңында ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің өндірген өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Сондай-ақ, осы алаңда ұлттық тағамдар дайындалып, аудан тұрғындарына ұсынылды. Қаланың 55 жылдығына орай, 55 метрлік кәуап пен 55 сантиметрлік самса дайындалып, шаһар тұрғындары мен қонақтарына таратылды.
Сонымен қатар, ауданда «JETISAI KITAP Fest – 2024» кітап көрме-жәрмеңкесі де болып өтті. Жәрмеңкеде «Qazyna», «Отбасы хрестоматиясы», «Olja Peak», «Marfu book», «Mazmundama», «Qasym kitaphanasy», «KitapAl», «Steppe&world», «Ziyat», «Kazakh content» секілді Алматы қаласынан шақырылған 10 баспа, 15 мыңнан астам түрлі жанрларда жазылған кітаптарды көпшілік назарына ұсынды. Бұдан бөлек, ұлттық спортты дәріптеу және бұқаралық спортқа деген жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында – арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру, садақ ату, қошқар көтеру сынды спорт түрлеріненде жарыстар өтті.
Бұдан бөлек, қаланың орталық саябағында жасөспірімдер арасында кіші футболдан ауданның ашық біріншілігі мен «Алыптар сайысы» өтті. Ауданда тұңғыш рет өткізілген байрақты бәсекеге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Азамат Мақұлбеков сыйлы қонақ ретінде арнайы қатысты.