Мүмкін, менің бұл пікіріммен біреу келісер, енді біреу келіспес, халықтың жанына батқасын, күйзелгесін, діңкәлап шаршағасын айтып отырмын. Қараңыздаршы, бүгінгі таңда жемқорлықпен күрес – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселеге айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ» деп қолға таяқ ұстатқандай атап көрсеткен болатын.
Бұдан артық қандай ұстаным керек біздерге. Келесі кезекте сыбайлас жемқорлықпен күреске қоғам белсенділерін және БАҚ өкілдерін қамтуымыз қажет. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізіп, сараптау ісіне атсалысып жүрген облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істерінде біршама азаматтарымыз еңбек етуде. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жанынан арнайы мониторинг топ құрылған. Негізінде, осы мониторинг топтың жұмысын жандандырса елеулі өзгерістер болады деп санаймын.
Біздің қоғамда жемқорлықты қалыпты жағдайда қабылдап әдеттенген. Олай дейтініміз, бала-шағасын әрең асырап, өлместің күнін көріп жүрген бейшаралар жұмыс алу үшін тырнақтап жиған-тергендерін үндері шықпастан тықпыштап параны өздері ұсынады. Білімі жоғары, жұмыс істеу қабілеті бар екенін байқап жұмысқа қабылдаудың орнына, міндетті түрде «қыстырма» қашан қолына тигенше әрдеңені сылтауратып, мұздай болып отыра беретін басшылар әуре-сарсаңға салады. Міне, нағыз жемқорлар солар. Оларды бәріміз білеміз, өкінішке орай біле тұра көзімізді жұмған күйі жүре береміз. Осындай сана-сезіммен қоғамды жемқорлардан тазарта қоюымыз екіталай.
Ауызбен айтамыз, бірақ тазарып жатқан ештеме жоқ. Қайта жемқорлық жыл өткен сайын түрлі жолдар арқылы жедел қарқынмен даму үстінде. Көбінесе бірінші басшының орынбасарлары парамен ұсталуда. Тіпті министрлердің, әкімдердің орынбасарлары, тағысы…тағылар…Оған мысал ретінде дәлелелдер жетерлік. Керек десеңіз, өзіміздің ауданнан да табылады.
Президентіміз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сыбайластыққа байланысты бірінші басшының жауапкершілігі қатаң қаралатынын ерекше ескертті емес пе? Осы ескерту жүзеге асып жатыр ма? Неге басшы емес, оның орынбасары ұстала береді?
Осы мәселе кімді де болса ойландырса керек. Ондай қылмыстық әрекет өздігінен болып жатқан жоқ. Тек қана сыбайластық әрекеттердің арқасында орын алуда. Қашан қарасаң, бірінші басшы сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Демек, мекемені дұрыстап басқара алмай жемқорлыққа жол берілді ма, ондай жерде міндетті түрде бірінші басшының айыбы бар. Ондай басшылар өздерінің іс жүргізудегі кемшіліктерін мойындап, саналы түрде арыздарын жазып қызмет орындарын босатулары керек.
Білім, медицина салаларына парасыз жұмысқа орналасу әсте мүмкін емес. Осылай деп айтсаң, қане «дәлелде» деген сөз естисің. «Дәлелде», деген адамның өзі іштей бәрін біліп тұр, ашық күрескісі келмейді. Себебі, сау басы бәлеге қалады.
Елбасы: «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуы тиіс. Жемқорлық — жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімділігіне сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер болып саналады» деген болатын. Өз басым, әзірше мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы бір күш болып шындап күресіп жатқанын көре алмай тұрмын. Алқалы жиындар, басқосулар өтіп жатыр. Айтқан-айтқан жерде қалуда. Хаттамаға жазылады, осымен жемқорлықпен күрес жөніндегі іс бітті.
«Жемқорлық – жай құқықбұзушылық» емес деп отыр, Елбасы. Ия, рас, жай құқықбұзушылық емес, қылмыс жасаудың ауыры екенін білеміз, сөйте тұра сыбайластыққа барынша жағдай жасаймыз. Сөздің турасын айтайық, қазіргі уақытта қай қызмет болмасын, тамыр-таныссыз, парасыз орналаса алмайсың. Тағы да Елбасы айтады: «Ол мемлекеттің сенімдігіліне сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер болып саналады» деп. Сенім – бұл аса маңызды қажеттілік. Осы біз мемлекетке деген сенімділікті сетінетіп алған жоқпыз ба? Қарапайым халықтың бар үміті – билікте. Халық үмітін үзген жоқ, үзбейді де. Бірақ, сыбайлас жемқорлықтан сақтану үшін, ең алдымен шенеуніктердің билік құзіретіне нақты тәртіп орнату қажет. Сот, прокурор, министрлер, түрлі мекеме басшылары, мемлекеттік қызметкерлер пара алып жатқан кезде қоғамды тазарта алмаймыз. Сыбайлас жемқорлық ұлтымызға төніп тұрған қауіптің үлкені.
Билік басында отырғандар халықтың ішінде жиі болып, олармен етене аралассын, пікірлерін, арыз-шағымдарын тыңдасын. Әр саланың өз маманы жауап береді деместен қоғамдық пікірлерді зерделеп көрсін. Қазіргі халық – кешегі кеңес өкіметі кезіндегі халық емес, көздері ашылған, бос сөзді айтпайды, босқа шағымданбайды, қабырғаларына батып жүрген дәлелдемелермен сөйлейді. Міне осыған шындап назар аудару жоқ. Қоғамның бірлігі – сыбайлас жемқорлықпен күресуде нәтижелі қарсылық көрсету болып табылады. Бір-бірімізді қолдап, бірлесіп жұмыс істейтін болсақ қоғамымызды осалдатып жатқан сыбайлас жемқорлықты жеңеміз.
Өздеріңіз күнде көріп жүрсіздер, бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлықпен күресу жайында үгіт-насихаттар тоқтаусыз жүріп жатыр. Соның өзінде қажетті нәтижелерге жете алатын түріміз жоқ. Ондай үгіт-насихатқа көпшіліктің құлағы үйреніп кеткен. Гәп басқа, іс басқа болып тұр ғой. Сондықтан, туғаның болса да бетіне турасын айтып, билікпен біргелікте сыбайлас жемқорлықпен шындап күреспесек, ешқашан нәтиже шағара алмаймыз.
Бастысы – жарқын болашақты қалыптастырып, жас ұрпақтың адал елде өмір сүруіне жол ашып, оларға дұрыс бағыт- бағдар көрсетейік.
Баян ТӘКЕНОВА,
«БЕКЕТ» газетінің редакторы.