Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Елқоныс ауылында «Мехли қажы ата» мешіті пайдалануға берілді.
    Облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов, Сарыағаш қаласынан келген ұстаз Абду-Жаппар Сманов, Алматы каласының Наиб-имамы Бекзат Сыздықовтар нысанның ашылуы рәсіміне қатысып, ауыл жұртшылығын құттықтады. Сондай-ақ, іс-шараға ауданның мәслихат депутаттары, ауданның ардегерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
   «Күні кеше дәл осы округте «Азаттық» мешіті пайдалануға берілсе, міне, енді «Мехли ата қажы» мешітінің тұсауын кесіп отырмыз. Әрине, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, дін мен дәстүріміз берік сақталған Мырзашөл өңірінің жомарт кәсіпкерлері өте көп. Осындай өлкеде мешіттердің көптеп ашылуы – бүгінгі ұрпаққа рухани тәрбие. Өйткені, бұған дейін мешіті болмаған ауыл тұрғындарының тілегі орындалды. Жаңа мешіт еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауға, жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенімдімін!» – деді облыстың бас имамы Е.Қарақұлов.
   Сәулеттік келбеті келіске жаңа мешіттің жалпы көлемі 180 шаршы метрді, биіктігі 10 метрді құрайды. Бір мезетте 300 адам намаз оқи алады. Сондай-ақ, ауыл имамының қызметтік кабинеті, асхана, дәрісхана т.б. қызметтік орындары бар. Келушілерге қолайлы болу үшін ғимараттың айналасындағы аумақ көгалдандырылып, гүлзарлар жасалған. Сондай-ақ, автомобиль тұрағы бар.
Айта кетейік, асыл дініміздің өркендеуі үшін мешіт салған жеке кәсіпкер Зариф Нуфтуллаев бастаған топтың көпке үлгі боларлық игі істеріне жиналған көпшілік алғыс айтты.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
МАҚТААРАЛДА ТАҒЫ БІР МЕШІТ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған