Қазіргі таңда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің өңір тұрғындары арасындағы кезекті кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының 2024 жылы бекіткен «Түркістан облысының этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған ведомствоаралық жоспарына» сәйкес, облысымыздың этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында мамыр айының 27-31 және 3-19 маусым күндері аралығында аудан, қалаларда кездесулер өткізу жоспарланған болатын. Осы жоспарларға сәйкес, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер – «Ұлт болып ұйысуда бірлік пен ынтымақтың алатын орны?», «Зайырлылық және діндарлық. Діндар зайырлы болуы мүмкін бе?» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.
Мұндай кездесулер біздің ауданымыздағы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі мен Жаңажол ауылында өз жалғасын тапты. Осы жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесенінің «Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің» басшысы Х.Исақов, сондай-ақ ауыл тұрғындары, облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы құрылымдарының (Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кабинеті, ЭМБ-нің төраға және мүшелері, «Ассамблея жастары») мүшелері, дін саласындағы өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері және белсенді тұлғалар қатысты.
Жиын барысында аудандық мәслихаттың депутаты Сәбит Молдабеков пен әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамис Махмудов бүгінгі таңда мемлекетімізде ел бірлігін нығайту барынша маңызға ие екендігі жайында сөз сөйледі.
Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сонымен қатар, сол жиынға жиналған жұртшылық осы бағытта өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.