Бүгін табиғат күні аясында аудан әкімі Бақыт Асановтың тікелей бастамасымен аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Шараға мыңнан аса қызметкерлер мен аудан тұрғындары қатысып, көктемгі көшет егу жұмыстары үлкен қарқынмен жүргізілді.
  Жалпы «ПУИД-2» жобасы бойынша құрылысы аяқталған К-18 каналының жанынан 10 км-ге жуық арық қазылып, бірнеше секторларға бөлінген болатын. Әрбір секторға жауапты мекемелер бекітіліп, түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
Егілген талдардың өсіп-өнуі үшін бекітілген мекемелер тиісті шараларды қолға алуда. Мәселен, уақытылы суарылып, әрбір ағаштың түбі әктеліп тұрады. Сонымен қатар, жан-жануарлардан қорғау шаралары да қолға алынуда. Осылайша аудан басшысы К-18 каналының маңындағы Атакент-Мырзакент тас жолының бойын жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр.
  «Бүгінде әлемнің түрлі жерлерінде экологиялық проблемалар орын алып жатқан тұста ағаш өсірудің, тұрған өлкемізді жасыл желекке айналдырудың пайдасы орасан. «Бір тал кессең он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген қанатты сөздер қай кезде де ұрпақ үшін маңызды. Екінші жағынан тал егу туған жеріміздің көрікті болып, абаттануына үлкен септігін тигізеді. Сондықтан, бүгін табиғат күні аясында барша мақтааралдықтарды тал егуге шақырамын!» – деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, жыл басынан бері Мақтаарал ауданында 20 мыңнан аса түрлі ағаш көшеттері егілген. Оның ішінде қара ағаш, тұт, жиде, терек, ясень, каталпа, айлант, миндаль атты декоративті ағаштың түрлері бар.
  Ауа-райының қолайлығына байланысты алдағы уақытта тағы 10 мыңға жуық көшет отырғызылатын болады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
МАҚТААРАЛ: АТАКЕНТ-МЫРЗАКЕНТ ТАС ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған