Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек Жолы» өткізу пункті маңында Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне қатысты. Тараптар Қазақстанның Өзбекстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, туристік, ғарыш салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудағы, сондай-ақ аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді талқылады. Автомобиль жасауда, АӨК өнімдерін қайта өңдеуде, сондай-ақ жоғары жылдамдықты «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржол магистралын салуда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Келіссөз қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ теміржол көлігін дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.
   «Орталық Азия» ХСЭЫО «Жібек Жолы» (ҚР) және «Гишт Куприк» (ӨР) өткізу пункті ауданында орналасатын болады. Орталықтың жалпы аумағы – 400 га, өткізу мүмкіндігі 35 мың адамды және екі бағытта тәулігіне 5 мың жүк көлігін құрайды. Орталық Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру үшін ірі өнеркәсіптік және сауда-логистикалық алаңға айналуға арналған. Өнеркәсіптік кооперацияның неғұрлым перспективалы бағыттары өңдеу секторы, АӨК және жеңіл өнеркәсіп болып отыр. «Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері өзара сауда-саттық деңгейін $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті бойынша жұмыс істеуде. Бүгін іске қосылатын жоба осы мақсатқа қол жеткізуге қызмет етеді және екі мемлекеттің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады», — деді А. Мамин. Қазақстан тарапы Өзбекстанның Сухандария және Ферғана облыстарында үш көтерме-тарату орталығын ашу арқылы ҚР мен ӨР арасында бірыңғай тауар өткізу жүйесін құруға қызығушылық білдірді, оның жалпы инвестиция көлемі $22,5 млн және ауыстырып тиеу қуаты жылына 67 мың тоннаны құрайтын болады.
  Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртылған «Б. Қонысбаев» өткізу пунктіне барды. 2019 жылғы шілдеден 2020 жылғы желтоқсан аралығында жүргізілген реконструкциядан кейін оның құрылыс алаңы 2 есе 6 га дейін, қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін, паспорттық бақылау кабиналарының саны 6-дан 16-ға дейін ұлғайды, заманауи инспекциялық-тексеріп қарау кешендері орнатылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде пункттің өткізу мүмкіндігі екі бағытта тәулігіне 150-ден 1 мың автомобильге дейін, 6 еседен астамға өсті, өту уақыты 60 минуттан 25 минутқа дейін 2 есеге қысқарды.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ӨР Премьер-Министрі А. Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО жобасын іске қосты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған