Халқымыздың көне замандардан бері келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының бірі көкпар халық арасында үлкен құрметке ие болғаны соншалықты жыл сайын ресми жарыстардан өзге ұйымдар, жекелеген азаматтардың ұйымдастыруларымен де ойындар өткізіліп, мыңдаған көреремендерді қамтуда.
Бүгінгі таңда Қазақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ойыны – көкпар Мақтаарал ауданында да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осы орайда, аталған іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, ойынның бекітілген ереже бойынша өткізілуіне айрықша назар аудару қажеттігі туындап отыр.
Сол себепті де осы тақырыпты кеңінен талқылау мақсатында Мақтаарал ауданы әкімдігінің аппаратында арнайы жиын болып өтті. Аудан әкімі Б.Асановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауданның Ұлттық ат спорты және көкпар федерациясының қоғамдық бірлістігінің төрағасы М.Үсіпбеков пен осы федерацияның мүшелері, ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімінің мамандары, спорт саласына жауапты басшылар мен мамандар қатысты.
«Бұдан кейін көкпар ойындарын өткізу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөліміне және жергілікті атқарушы органдарға міндетті түрде хабарлама берілуі тиіс. Сондай-ақ, республика аумағында тыйым салынған ұйымдардың насихат алаңдарына айналуына жол бермеу, бұл мақсатта федерация тарапынан төрешілерге қатаң ескертілуі керек» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Жиын барысында сондай-ақ, көкпардың сапалы әрі әділ өтуін бақылауға алу, ойында құқық бұзушылықтарға жол бермеу, «тойбасшылар» тарапынан елдің ауызбіршілігін, ұлттың құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттау бойынша да мәселелер қаралып, ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, жиында демеушілерді тарта отырып ауданнан арнайы атшабар құрылысын бастау мәселесі де талқыланды.
Ерекше маңызға ие болған осы жиын соңында аудан басшысы талқыланған мәселелер мен ұсыныстарды, оның ішінде көкпар ойындарын өткізудің ережесін аудан тұрғындарына кеңінен насихаттау жөнінде тапсырмалар берді.