Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен, «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орайластырылып, «Спорт бізді біріктіреді» ұранымен кіші футбол түрінен облыстық турнир болып өтті.

Қызықты өткен бұл сайыстың басты мақсаты – әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, олардың денсаулығын, шыдамдылығын, икемділігін арттыру, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және шағын футбол ойынын насихаттау, өркендету және де сонымен қатар, спорттық командалық ойындарға жастардың қызығушылығын арттыру болып табылды.

Жарыстың үздік ойыншылары сайыс барысында доп алып жүру техникасын, нәтижелі пас беру, қақпаға допты тура бағыттау жағынан көзге түсе білді. Команда капитандары өз ойыншыларын алға сүйреп, шыдамдылық пен төзімділікке баулып, ойын шиеленіскен уақытта жігерлендіре білді.

Жарыс қорытындысы бойынша: Созақ ауданы 1-ші орын, Бәйдібек ауданы 2-ші орын, ал Мақтаарал командасы 3-ші орын иеленді. Сондай-ақ, «Үздік шаубылшы» номинациясын – Мұсылман Нұркен, «Үздік қорғаушы» номинациясын – Байтұрсынов Бақдаулет пен Байтемір Болатбек, «Үздік қақпашы» номинациясын – Өтелбай Ақниет, «Үздік ойыншы»  номинациясын – Ордабай Бекзат жеңіп алды.

 Турнир кезінде жеңімпаз атанған командалар мен жақсы ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар  Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

КІШІ ФУТБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған