Жақында Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен “Кәсібім – менің мақтанышым” атты тақырыпта жас кәсіпкер, Иіржар ауылдық округінің тұрғыны Кушекиев Мұқағали Қулмаханбетуғли мырзамен кездесу болып өтті.
Кәсіпкер Мұқағали мырза өз кәсібін бастау мақсатында үкіметтен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу үшін өз бизнес-жобасын ұсынған еді. Оның бизнес жобасы арнайы комиссия тарапынан мақұлданып, ол 2023 жылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген болатын.
Ол 2024 жылдың қаңтар айынан бастап шағын жылы жай салып, оған болгар бұрышын өсіріп, қазіргі таңда өнімдерін алып, кәсібін дамытуда. Кәсіпкер жастарға өз білгенін айтып, бағбандық саладан біраз кеңестер берді.
Бұл кездесудің мақсаты – ауыл жастарына туған ауылында да өз бизнесін жақсы жүргізіп отырған азаматтарды таныстыру, сол арқылы олардың да еңбек ете отырып, мол табысқа кенелу мүмкіндіктері барын түсіндіру болды. Бұл кездесудің жастарға берері мол болғаны анық.