Жетісай ауданында 80 мың гектарға тарта суармалы жері бар болса, ағымдағы жылы соның 40,8 мың гектарға жуығына мақта, 19,7 мың гектар жеріне бақша, ал 3,4 мың гектар жерге көкөніс, 7,3 мың гектар жерге дәндік жүгері мен 6,6 гектар жерге мал азықтық дақылдары егілген болатын.
Табысын негізінен агросектордан алатын ауданда өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандағы жалпы саны 380 дана тік дренажды ұңғымалардың бүгінде 170 данасы тұрақты жұмыс жасап тұр.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі нің «ҚазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 2023 жылдың қазан айындағы тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» қаржысы есебінен басталған 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары, жоспар бойынша 2026 жылы толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Себебі, бүгінгі таңда ауданда тік дренаждардың істен шығуының салдарынан жер асты суы қажетті деңгейден жоғары көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы мен көлемі төмендеген. Жауын-шашында судың жерге сіңуі қиындап, тұрғындар үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуден қалған.
Сондай-ақ, осы жоспар бойынша «КиікбайСтройСервис» ЖШС Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген болса, «Арт-Құрылыс» ЖШС Ж.Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы, 20 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Бір айта кетерлігі осы уақытқа дейін «Арт-Құрылыс» компаниясы 113 дана ұңғыманың 60-ын бұрғылап үлгерген. Мердігерлер ұңғымаларды бұрғылаумен қатар, келесі жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 124 шақырымды құрайтын су қашыртқыларын қалпына келтіріліп, 230 шақырым электр жүйелерін қайта іске қоспақ.
АУДАНДА 210 ТІК ҰҢҒЫМАЛЫ ДРЕНАЖДЫ ІСКЕ ҚОСУ ЖОСПАРЛАНУДА