Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудандық білім бөліміне қарасты күрделі жөндеуден өтіп жатқан А.Пушкин атындағы №3 жалпы білім беру мекемесінде болып, құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігерлермен құрылыс барысын талқылады.
         1967 жылы 536 оқушыға лайықтап салынған бұл білім ордасында бүгінгі таңда 1-11 сыныптар аралығында екі ауысымда 838 оқушы білім алады. 57 жыл ішінде бірде-бір кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген білім ордасында «Ремстрой» ЖШС-і тарапынан мамыр айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
         Бұл білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарының жай-жапсарымен жан-жақты танысқан аудан басшысы жұмысты тездету үшін мердігерлерге – құрылыс жұмысына тартылған жұмысшылардың санын қосымша 80-100 адамға дейін көбейтіп, оларды қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді, құрылыстың сапасына мән беруді, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін толығымен аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстарына құрылыс саласында жүрген Мырзакент кентінің тұрғындарын да тартуды талап етті.
       Сондай-ақ, жақында аудан басшысы осындай күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Атакенттегі типтік үлгідегі 570 орындық №6 Қ.Сәтпаев атындағы білім ошағында да болған еді.  Мұндағы құрылыс жұмыстары биыл маусым айында басталып, толығымен келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мүндай жұмыстар М.Тұрсын-Заде атындағы білім ордасында да жүргізілуде. Атап кетерлік жай, Б.Асановтың өкімімен аталған мектептердің құрылыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалаушы жұмысшы тобы құрылған.
         Жалпы алғанда 2024 жылы Мақтаарал ауданы бойынша 5 мектепте түрлі  жұмыстар жүріп жатса, 4 мектептің қазандығын табиғи газға ауыстыру жоспарланған. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде Атакент кентінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысымен 1 500 орындық мектеп салынуда. Оны мердігер – «Bazis Construction» ЖШС белгілеген кесте аясында салып жатыр.  
АУДАН БАСШЫСЫ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІН АРАЛАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған