Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шыға­ратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әке­ле­тін қауіп.

  Сыбайлас жемқорлықпен күресу елі­міздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі. Үлкен әлеуметтік қасі­рет болып табылатын ол саяси даму тұрғы­сынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі бар­лық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын.

  Әрбір қоғам дамуының күнгей жағымен қатар көлеңкелі тұсы қатар жүретіндіктен елдің әлеуметтік хал-ахуалы жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтіп, жемқорлыққа төзбеушілікті өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың ерекшеліктері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

  Оқу орынының студенттері мен оқытушылары қатысқан басқосуда Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу туралы» Заңның басты мақсаттары түсіндіріліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу шаралары кеңінен сөз болды.

  Баспасөз конференциясы барысында «Сырдария» университетінің «Құқық және экономика» кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Мира Ихласова «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасаса, заң ғылымдарының кандидаты, «Заңтану және экономика» факультетінің деканы Советжан Ынтымақов сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңды жауапкершілік туралы түсіндірді.

  Сонымен қатар, «Жетісай Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұрлыбек Мутаев жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерін айтса, заң ғылымдарының докторы, «Құқық және экономика» кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Жандарбек «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік агенттіктердің ретроспективасының ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады.

  «Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуда барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз, күш біріктіріп күресуіміз керек» дейді «Жетісай Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұрлыбек Сағынбекұлы.

   Мемлекеттік міндетті атқаратын және де оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдық өкілеттігін, мүмкіндіктерін пайдалана отырып пайда табу мақсатында жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қарсы күресті жүйелі түрде жалғастырып, пәрменді шараларды қолға алып отырған мемлекет тарапынан ілкімді істердің атқарылып жатқандығын айтқан мамандар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті бірігіп қалыптастыруға шақырды.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған