Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, білімді, шығармашыл әрі өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыру. Қоғамның қарқынды дамуы мен уақыт талабы білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы орайда мектептегі оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру, білім сапасын арттыру және мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру – білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылындағы Т. Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектепте де оқушылардың сапалы білім алуына, олардың қабілеттері мен танымдық қызығушылықтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені білімді ұрпақ тәрбиелеу – мектеп пен ұстаздар қауымының ортақ міндеті.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде оқу-тәрбие үдерісін жүйелі ұйымдастыру, білім сапасын бақылау, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету және заманауи оқыту әдістерін тәжірибеге енгізу жұмыстарын маңызды міндеттерімнің бірі деп санаймын. Себебі мектептің жетістігі ең алдымен мұғалімнің ізденісіне, оқушының ынтасына және білім беру үдерісінің дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.

Қазіргі таңда мұғалімнен тек пәндік білім ғана емес, жаңашылдыққа ұмтылу, оқушының жеке ерекшелігін ескеру, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және үздіксіз ізденіс талап етіледі. Осы тұрғыда сабақ барысында оқушылардың сыни ойлауын дамытуға, өз пікірін дәлелді жеткізуіне, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызы зор. Оқушы білімді дайын күйінде қабылдаушы ғана емес, оны ізденіс арқылы меңгеретін белсенді тұлға болуы керек.

Педагог-зерттеуші ретінде кәсіби тәжірибені жетілдіру, оқытудағы тиімді әдістерді зерделеу және олардың нәтижесін оқу үдерісінде қолдану бағытында ізденіс жүргізуді маңызды санаймын. Мұғалімнің зерттеушілік қабілеті оның күнделікті тәжірибесіне жаңаша көзқараспен қарауына, оқытудағы мәселелерді анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын табуына көмектеседі. Ал тәжірибе алмасу мен бірлескен жұмыс педагогикалық ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруға жол ашады.

Білім сапасын арттыруда ата-анамен ынтымақтастықтың да орны ерекше. Мектеп пен отбасы арасындағы өзара түсіністік пен сенім баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан оқушының оқу үлгерімімен қатар, оның тәрбиесіне, жауапкершілігіне, еңбекқорлығына және адамгершілік қасиеттеріне де назар аудару қажет.

Менің ойымша, нағыз білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін әрбір педагог өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіп, кәсіби тұрғыдан дамып отыруы тиіс. Өйткені мұғалімнің ізденісі – оқушының жетістігіне бастар жол. Ал мектептегі әрбір оң өзгеріс ел болашағына қосылған маңызды үлес болып табылады.

Қорыта айтқанда, сапалы білім беру – бір күндік жұмыс емес, үздіксіз ізденіс пен жүйелі еңбекті қажет ететін жауапты міндет. Ұстаздар қауымының ортақ мақсаты – білімді, тәрбиелі, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және заман талабына бейім ұрпақ қалыптастыру. Осы жолда Т. Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектеп ұжымының да басты ұстанымы – білім сапасын арттырып, әр оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік жасау.

Мынбаева Алия Еркинбаевна,

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылы

«Т.Рысқұлов атындағы N20 ЖББМ» КММ

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші.

САПАЛЫ БІЛІМ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *