Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіру – аса маңызды міндеттердің бірі.Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «Бибіхан» балабақшасында «Аналар мектебі» жобасы аясында мазмұнды да тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды.Аталған шараның басты мақсаты – балаларға қазақ халқының бай мұрасын таныстыру, ұлттық тағамдар мен тұрмыстық бұйымдардың ерекшелігін түсіндіру, сондай-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулу.

Іс-шараға арнайы шақырылған 2 әже мен 2 ана бүлдіршіндерге өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қазақы тәрбиенің терең мағынасына тоқталды.Әсіресе, әжелердің ақыл-кеңесі мен аналардың өнегелі әңгімелері балалар үшін ерекше әсерлі болды.
Аяна есімді тәрбиеленушіміздің әжесі қазақ қыздары тағатын ұлттық әшекей бұйымдарды таныстырып, олардың әрқайсысының өзіндік мәні бар екенін атап өтті.Шолпы, білезік, сырға секілді әшекейлердің тек сәндік емес, тәрбиелік әрі тәрбиелік маңызы зор екенін түсіндіріп, қыз баланың көркі мен әдебін айқындайтын құндылықтар туралы кеңінен әңгімеледі.Балалар әшекей бұйымдарға қызығушылық танытып, олардың атаулары мен қолданылу ерекшеліктерін білуге талпынды.
Сонымен қатар, Алиханның әжесі қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – құрт туралы мазмұнды мәлімет берді.Құрттың сүттен дайындалатынын, оның ұзақ сақталатын әрі өте пайдалы тағам екенін айтып, жасалу кезеңдерін рет-ретімен түсіндірді.Балалар үшін бұл ақпарат ерекше қызықты болды, себебі олар күнделікті тұтынатын тағамның қалай дайындалатынын көз алдына елестете алды.

Іс-шара барысында аналар да белсенділік танытып, ұлттық тағамдардың жасалу жолдарын көрсетіп берді.Сәкеннің анасы май сөктің дайындалу тәсілдерін түсіндіріп, оның құнарлы әрі дәруменге бай тағам екенін атап өтті.Ал Рияннаның анасы қазақ дастарханының сәні саналатын бауырсақтың жасалу жолдарын баяндап, оның дайындалу барысындағы ерекшеліктерге тоқталды.Балалар тағамдардың жасалу кезеңдерін қызыға тыңдап, өз сұрақтарын қойып отырды.
Сабақ барысында бүлдіршіндер тек тыңдап қана қоймай, белсенді түрде қатысып, ұлттық тағамдар мен көне бұйымдар бейнеленген мазайкаларды құрастыру арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті.Бұл тапсырмалар олардың ойлау қабілетін дамытып, ұлттық дүниелерге деген қызығушылығын арттырды.Сонымен қатар, балалар бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс жасап, ұйымшылдыққа тәрбиеленді.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әжелер мен аналардан тұшымды жауаптар алды.Әжелеріміздің өмірден алған тәжірибелері мен ақыл-кеңестері балалардың санасында терең із қалдырды.Кеш соңында әжелеріміздің орындауындағы халық әндері шырқалып, шара ерекше әсермен қорытындыланды.
Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы баланың бойында ұлттық рух қалыптасып, салт-дәстүрге деген құрметі артады.«Аналар мектебі» – тек тәрбие құралы ғана емес, ұрпақ пен ұлт арасындағы алтын көпір.Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.
Мурадалиева Гульзира Махсутжановна,
«Бибіхан» балабақшасының тәрбиешісі.
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент кенті.
