Музыка – баланың рухани дамуына, эстетикалық талғамының қалыптасуына ерекше ықпал ететін өнер саласы. Осы мақсатта «Күншуақ» бөбекжай-бақшасында 2025–2026 оқу жылы аясында «Ғажайыптар әлемі» тақырыбында ашық ұйымдастырылған музыка іс-әрекеті өткізілді.

Ашық іс-әрекеттің басты мақсаты – тәрбиеленушілердің музыкаға деген қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ән айтуға, музыканы тыңдай білуге және әуен ырғағын сезінуге үйрету болды. Сонымен қатар балаларды ұлттық және ырғақты музыкалық аспаптармен таныстырып, музыка арқылы өз көңіл күйін жеткізе білуге тәрбиелеу көзделді.
Іс-шара барысында балалар музыка әлеміне саяхат жасап, түрлі музыкалық тапсырмалар орындады. Әуен ырғағымен қимыл-қозғалыс жасап, ән айтып, би билеу арқылы өз белсенділіктерін көрсетті. Музыкалық ойындар балалардың қызығушылығын арттырып, олардың бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берді.
Ашық ұйымдастырылған іс-әрекет кезінде сазсырнай, даңғыра, үшбұрыш секілді музыкалық аспаптардың дыбыстық ерекшеліктері таныстырылды. Балалар әр аспаптың үнін тыңдап қана қоймай, оны ойнап көруге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде олардың музыкалық есту қабілетін дамытып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырды.
Сондай-ақ сергіту сәттері мен қимылды ойындар арқылы балалардың көңіл күйі көтеріліп, іс-әрекет одан әрі жандана түсті. Музыка ырғағымен орындалған тапсырмалар тәрбиеленушілердің есте сақтау, зейін қою, ырғақты сезіну дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
Ашық ұйымдастырылған музыка іс-әрекеті мазмұнды әрі әсерлі өтіп, балалар үшін танымдық әрі қызықты болды. Музыка өнерінің баланың жан дүниесін байытып, рухани әлемін кеңейтудегі маңызы тағы бір мәрте дәлелденді. Осындай іс-шаралар балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың шығармашыл тұлға болып қалыптасуына жол ашады.
Авторы: Айжамал ӘБДІРАХМАН,
«Күншуақ» бөбекжай-бақшасының музыка жетекшісі.
