
Ана – әлемді жанымен, әнімен тербететін ұлы тұлға. Оның жанарынан баласына деген махаббат, мейірім шуағы төгіліп, жүзіне күлкі үйіріліп, жүрегінде сезім гүлі бүр жарады. Демек адамзаттың ұрпақ жалғастығын үзбей, тал бесіктегі тәлім-тәрбиені беруші аналар. Жуырда Жетісай ауданындағы «Ілес ана» бөбекжай балабақшасының «Айжұлдыз» ересектер тобында Халықаралық әйелдер мерекесіне орай іс-шара өтті.

Мектепке дайындық «Айжұлдыз» ересектер тобының тәрбиешісі ретінде өзім тәрбиеленушілерімен бірге аналар қауымын құттықтап, әсем әнмен, күмбірлеген күймен шашу шаштық. Балабақша меңгерушісі Айжан Оңғарбаева сөз алып, аналарға ізгі тілегін жеткізді. «Айжұлдыз» ересектер тобының бүлдіршіндері мың бұрала «Попурри» биін билеп, хормен ән айтып мерекелік көңіл-күй сыйлады. Алғыр да өнерлі жеткіншектердің сахнадағы аналарға арнаған қойылымынан көрермендер риза болып, қуаныштарын жасыра алмады.
Көпшіліктің көзайымы болып көзге түскен балғындар арасынан Алинур, Еңлік, Сабина есімдерін ерекше атаймыз. Сондай-ақ мектепке дайындықтарын көрсеткен олар ағылшын, ана тілдерінде мәнерлеп өлең оқыды. Сонымен қатар, Пердехан Каусар өлең айтса, Хордың орындауында «Ақ мамам», «Аяулы анашым» әндері шырқалды.
Ұлдана ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Жетісай ауданындағы «Ілес ана» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.