Адамзат баласы виртуалды әлемге неғұрлым енген сайын қылмыскерлер, соның ішінде алаяқтар да заман көшінен қалмау үшін өздерінің қитұрқы әрекеттерін интернет және цифрлы технологиялар арқылы жүзеге асыра бастады. Дегенмен оған қарсы жасалып жатқан шаралар да көп. Мамандардың айтуынша, шынайы өмірдегі алаяқтықтан гөрі интернеттегі алаяқтық өзінің артында көп ізін қалдырады. Сондықтан сауатты түрде оның ізіне түсе білсе, мұндай қылмыскерлердің түр-түсін анықтап, құрықтау аса қиындық туғызбайды.

ІІМ мамандарының сөзіне қарағанда, интернет және цифрлы технологиялар ақылы жасалатын алаяқтық қылмыстарына қарсы күрестің кү­шеюіне байланысты «дәстүрлі» алаяқтық түр­лері де қай­тадан кең тарала бастаған. Соңғы уақытта алаяқтар өздерінің бар шеберліктерін зейнеткерлерге қарай бағыттап отыр. Яғни үлкен кісілердің сен­гіштігін және аңғалдығын пайдаланып, сенім­деріне кіре отырып, ақшаларын үптеп кетуді «бизнес­ке» айнал­дырғандар қатары арта түскен.

Қыл­мыс­керлер олардың үй телефондарына хабарласып, өздерін сол кісілердің жақын туыстары ретінде та­ныс­тырып және жол апатына түскенін айтып, мәселені шешу үшін ақша сұрайды. Одан кейін телефонды полиция қызметкеріне бергендей болады. Ал ол өз кезегінде қарт адамдардың қолында бар қаражатын жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамға беруге немесе жақынын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін жұмсауға көндіреді. Жәбірленушілер ақшаны беруге келіскеннен кейін оларға «курьерді» жібереді.

Мәселен, елордалық зейнеткер жоға­рыда аталған «әдіс» бойынша 16 миллион теңгесін жоқ жерден қылмыскердің қолына ұстата салған. Полицияға арызбен жүгінген жәбірленуші өзіне белгісіз біреулер қоңырау шалып, қызының полиция бөлімінде отырғанын және мәселені шешу үшін шұғыл түрде ақша жіберу керек екенін хабарлаған. 69 жастағы әйелдің айтуынша, түн ортасында үй телефонына әйел адам қоңырау шалып, жылаған дауыспен: «Анашым, мен апатқа ұшырадым, қазір проблемаларымды шешу үшін полицияда жүрмін, маған ақша керек»,-дейді. Ұйқылы-ояу зейнеткер қапелімде хабарласқан әйелдің дауысын ажырата алмаған. Кейін тұтқаны ер адам алып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қазір әріптесі келіп, қолма-қол ақшаны алып кететіндігін айтқан. Қанша ақша керек деген сұраққа, «Қанша бар, соны беріңіз», деген жауапты естиді. Зейнет­кер биыл Меккеге қажылыққа бару үшін сақтап отырған 16 млн теңгесін апыл-ғұпыл жинап, ақшаны алуға келген адамның қолына ұстата салған. Кейін қызының жағдайы жақсы екенін, өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген ол полицияға жүгінген.

Дәл осы әдіспен жасалған тағы бір қылмыс Қарағанды қаласында тіркелді. 82 жастағы қала тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырады да, жол-көлік оқиғасы болғанын және оған зей­нет­кердің қызы кінәлі екенін жеткізеді. Қазір қыл­мыстық іс қозғалғанын, бұл мәселені тездетіп шешу үшін 7 миллион теңге талап еткен. Зейнеткер қолында 2 миллион теңге ғана бар екенін айтқаннан кейін оны өзін «курьер» деп таныстырған бейтаныс адамға тапсырған. Бұл екі жағдайға да қатысы бар адамдар ұсталып, қазіргі таңда уақытша ұстау оқшаулағышында отыр.

Қарап отырсаң, қарапайым ғана алдау әдісі. Бірақ қылмыскерлердің өз құрбандарына жасайтын психологиялық әсерінің күштілігі сол, тіпті онымен бетпе-бет көріспей-ақ қолындағы қомақты қаражатын беруге көндіріп отыр.

 Тағы бір оқиға. Зейнеткерге хабарласқан әйел өзін тергеуші ретінде таныстырып, Алматы қаласынан қоңырау шалып тұрғанын айтып, оның келіні оңтүстік астанада жол-көлік оқиғасын жасағанын жеткізеді. Алаяқтың өз әрекетіне сенімділігін қараңыз, тіп­ті телефон тұтқасын оның «келініне» беріп сөй­лестіреді. «Келіні» жылап-сықтап, апаттан зардап шек­кендер ауруханада жатқанын, оларды емдеу үшін 6 млн теңге керек екенін айтады. Зәре-құты қалмаған әйел сөйлескен адамның дауысы өз келініне тиесілі еместігін де аңғармаған. Тіпті керек десең, жағдайды нақтылау үшін келініне хабарласып сұрамаған. Яғни.,. алаяқтар өз құрбандығын толықтай «иектеп», айтқандарына көндіретін халге түсіреді. Одан әрі сол баяғы сценарий бойынша қазір үйіне «курьер» келетінін, соған ақша беру керектігін айтады. Әйелдің қатты шошып қалғанын сезген әккілер одан 50 мың АҚШ долларын талап етеді. Алайда жәбірленуші қолында 6 млн теңге ғана ақша барын айтып, соны алуға келген адамның қолына ұстата салады.

Болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейін ғана жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жағдайын білу үшін келініне қоңырау шалған көкшетаулық тұрғын өзінің алаяқтар құрбаны болғанын түсінеді. Ол дереу қалалық полиция басқармасына хабарласып, мән-жайды айтады да, сол күні полицейлер алаяқтардың бірін ұстайды. Қолма-қол ақшаның бір бөлігі бірден тәркіленді. Қолға түскен адамның сөзіне қарағанда, ол қалған ақшаны алдамшы схеманы ұйымдастырушыларға беріп үлгерген. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның сыбайластарын анықтау және ұстау бойынша шаралар жалғасып жатыр.

Міне, қулығына құрық бойламайтын бүгінгі қылмыскерлердің әзірге ақылдарының жеткен жері осы болып тұр. Тәртіп сақшылары қарияларды мұқият болуға, бейтаныс адамдарға сенбеуге шақы­рып, осы сынды қоңыраулар түскен кезде телефонмен сөйлесуді тоқтатып, келіп түскен ақпаратты тексеру үшін аталған туыстармен байланысу қажет екенін ескертеді.

АЛАЯҚТАРДЫҢ ЖАҢА «ӘДІСІ»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған