Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көршілес елдердің мақта өсіретін инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, қолайлы келісімдер жасалғаны белгілі. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы 2023 жылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кіріскен болатын.
Биыл екінші жыл қатарынан аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға таратып, ол үшін заң аясында қажетті келісім-шарттар жасалды. Аталған компания Мақтаарал ауданында 3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Наманган» тұқым сортын жеткізіп, күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.
Жақында «Global textile» компаниясының өкілдері көпшілікпен қуанышты жаңалықты бөлісті. Мақтаарал ауданына мақтаның «Наманган-77» сорты жерсініп қана қоймай, сонымен қатар жайқалып та өсе бастаған. Мақтаның бір бұтасында 20-дан астам жеміс элементтері (бүршіктер, гүлдер) дамуда. Мамандар егер де бәрі жоспардағыдай болса, біздің ауданымызда мақтаның гектарынан 50 центнерден жоғары өнім алынатынын болжап отыр. Бір айта кететін жайт, мақтаның көлемі ғана емес, сапасы да жақсаруда.
«Global textile» – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын компания. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорынында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор бірігіп, алдағы уақытта Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңгені құрайтын осы жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар.
Сонымен қатар, аталған компания биылғы жылы Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін де ашып жатыр.