Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 30 жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне 29 жыл.
  Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік Рәміздеріміз – Ту, Елбаңба, Әнұранымыздың қадірі мен қасиетін өскелең ұрпаққа кеңінен ұғындыру, насихаттау мақсатында Жетісай ауданында  «Рәміздер аллеясы» ашылды.
  «Тәуелсіздікке тарту» шарасы аясында қолданысқа берілген аллеяның салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мен ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбетов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаева мен зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.
  «Тарих парақтарымен салмақтағанымен қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналар мен спорттық олимпиадаларда көк байрағымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалуда. Бұл аяғынан тәй-тәй басқан Тәуелсіз жас мемлекет үшін үлкен мақтаныш. Елдігімізді айшықтайтын Рәміздерімізді өскелең ұрпаққа ұлықтау мақсатында ашылып отырған аллея баршаңызға құтты болсын!» деген аудан басшысы жұртшылықты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен де құттықтады.
3 айдың ішінде іске қосылған аллеяда 14 метр биіктікте көңілдің кіршіксіздігі іспеттес тұғыры берік Туымыз желбіреп тұрса, оның қос қапталында айбыны асқақ Әнұранымыз бен еліміздің тарихынан, тәуелсіздік жолындағы жанкештілік ерліктерінен сыр шертетін Елтаңбамыз орналасқан.
Салтанатты шара соңында аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің өнерпаздары жұртшылыққа әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
   Мереке қарсаңында ашылған «Рәміздер аллеясы» жастардың бойында тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімді тәрбиелеп, молайтуға мол септігін тигізері анық.
ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА «РӘМІЗДЕР АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған