Ауданымызда жыл басы наурызда аулалар мен көшелер тазаланып, тал дарақтарын егу дәстүрге айналған. «Тал ек, гүл ек, туған жерді түлет» дегендей, шардаралық жастар мереке қарсаңында өздерінің өнегелі істерімен өзгелерге үлгі бола білді.
Атап айтар болсақ, «Шардара» мектеп-лицейін осыдан 20 жыл бұрын бітірген түлектер қаладағы Төле би көшесіндегі желілік саябақ ішіне қарағай көшеттері мен гүл көшеттерін отырғызып шықты.
  –Туған жерді түлету – баршамыздың парызымыз. Өзіміздің туып-өскен Шардара қаласының көркейіп-гүлденуіне үлестерімізді қосу мақсатында арнайы тәлімбақтан декоративті ағаш көшеттері мен гүл тұқымдарын сатып алып, отырғызып жатырмыз. Шағалалы өлкеміздің әсем де таза қалаға айналуына атсалысуымыз керек – дейді 20 жылдық түлектің бірі, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Батыр Қалдарбек.
  «Шардара» мектеп-лицейін 20 жыл алдын 7 сынып бітірген екен. Алтын ұядан түлеп ұшқан 178 оқушы бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада қызмет атқарып, несібелерін теріп жүр. Кездесуге жиналған қаржыны даңғаза шуға емес, тұрғындарға сая болатын сауапты тірлікке жұмсап бастаған түлектердің игі әрекеттері мақтауға лайық іс болды.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
20 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР ҮЛГІЛІ ІС ЖАСАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған