Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Жеке тұлғалық даму» тақырыбында Мақтаарал ауданына қарасты “№ 14 колледж” орта арнаулы білім беретін мекемесінің ғимаратында жастардың қатысуымен семинар-тренинг болып өтті.
Бұл шараның мақсаты – жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді, алға қойған мақсаттарды жоспарлау және оған қол жеткізу, жеке дарындарды анықтау, кәсіби тұлға болып қалыптасу, шығармашылық даму, артылған сенімді ақтауға және жауапкершілікті сезінуге дағдыландыру болып табылады.
Семинар-тренингті арнайы тәжірибелі психологі Нұржан Сапарханұлы және облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің маманы Жансая Өміртаева жүргізді. Семинар-тренинг барысында жастар жеке тұлғалық қалыптасу мен әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сыры мәселелеріне жан-жақты талдау жасады. Сонымен қатар кездесуге қатысқан белсенді жастар көшбасшылық қасиеттер туралы баяндап, спикерлерге өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Психолог Нұржан Сапарханұлы жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ бір мінез-құлықтық қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам өзінше жеке тұлға. Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшелігі бірден дүниеге келмейді. Әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру қажет. Еңселі еліміздің болашағын жарқын ету жолында аянбай еңбек ететін көшбасшы жастарымыз көп болсын.
Қызықты әрі пайдалы болып өткен семинар-тренингтің соңында оған қатысқан жастарға сертификаттар табысталды.