Еліміздің бүгінге дейінгі жеткен жетістігі оның  жаңалыққа ұмтылуы мен халықтың тынбай еңбек етуінің жемісі екендігі анық. Бұл  сөзімізге дәлел Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндаған «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы… Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады»-деген рухты да пайымды сөздерін айырықша айтуымызға болады [1].

Елбасымыздың осы саналы сөздерін жүзеге асыру үшін, ерінбей еңбек ететін, талмай ғылым іздейтін, жалықпай техника меңгеретін адамдарды тәрбиелеу қажеттілігі туындайды. Ал тәрбиенің тамыры ананың құрсағынан басталады десек, оның жалғасы ананың әуезді әлдиімен ұштасып жатады. Ананық әлдиі жаңа өмірге келген сәбидің санасына өмірлік жолдама берген тәрізді мәңгілікке жазылып, оның болашақ өмінінен үлкен орын алатындығын ғалымдар бірнеше рет дәлелдеген. Бұдан түйетініміз әннің адам баласының өмірге, еңбекке, ғылымға, білімге, жаңалыққа деген шабытын оятатын, шығармашылық қабілеттерін оятатын әсері мол деп тұжырымдаймыз. Осындай жоғары деңгейдегі өнер саласын зерттеп-зерделеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі деп білеміз.

  Бастауыш сыныптарда осы аталған әуезді әлди әнімен сусындаған, ән өнерінің асыл маржанын туған анасының үнімен тыңдап өскен оқушылар ән-күй сабағымен кездеседі. Бастауыш сыныптардағы ән-күй сабағының оқушылар үшін өте әсерлі де қызықты пән болып қабылданады.

Бастауыш сыныптарда ән-күй сабақтарының оқыту жүйесіне көптеген өзгешеліктер, жаңалықтар енгізіліп, әдістемелік жинақтар шығармашылық деңгейде зерделеніп дамып келуде. Ән-күй саласындағы дәстүрлі қазақ халық музыка байлығын, Қазақстан сазгерлері шығармаларын болашақ ұрпаққа насихаттау жаңа қырынан алға қойылып, жаңартылған ән-күй сабақтарының бағдарламалары жасалуда. Дегенмен бұл әдістемелер мен бағдарламалар әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда зерделеніп, оны бастауыш сыныптарда оқытудың жолдары толығымен қолға алынбағандығына көз жеткіздік.

Ән-күй өнерінің жалпы алғанда музыка өнерінің тарихи зерттеушілеріне назар салатын болсақ Әбу Насыр әл Фараби, Махмұт Қашқари, Юсуф Хос Хожиб, Әбу Райхан әл Беруни, Әбу Әли Ибин-Сина, Кейқауыс, Әбдірахман Жәми, Дербіш Әли, Әбдубәкір Диваев, Шоқан Уалиханов,  Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Әлкей Марғұлан сынды тағы басқа көптеген классик ғалымдардың  еңбектерін жоғары деңгейде бағалауымызға болады.

Аталған ғұлама ғалымдардың еңбектеріне зерттеу жасасақ ән-күй, музыка өнерінің түп тамырын, теориясын салып, өшпес із қалдырғандығына көз жеткіземіз.

Дана халқымыз ежелден әнді айырықша қастерлеп, оны халықтың жаны, рухы деп баға берген. Өйткені жақсы ән мен жақсы күй қай кездеде халықтың асыл арманы тілегін анық бейнелеп, олардың бақытты өмірге талпынған ынта-ықыласын жүйелі түрде жеткізе білген. Ән – халықтың рухани байлығы, сан ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасының бірі, заманның тарихи шежіресі.

 «Мәдениет дегеніміз – бүкіл адамзаттың тарихында жасалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы», — деп бағаланады. Екінші сөзбен қорыта айтқанда – «мәдениет материалдық өндіріс пен қоғамдық сананың, білім мен тәрбиенің, ғылым мен қоғамның даму кезеңіндегі дәрежесін көрсетеді». Өткен замандағы музыка өнерлерінің негізгі мазмұны халық мұңы, оның тұрмысы еді. Ел мұңы ән, күй арқылы түрлі музыка аспаптарының сазымен елден-елге, жұрттан-жұртқа жайылып, өз арнасымен таралып жатты. Оны таратушылар халықтың ішінен суырылып шыққан өнер иелері: әнші, күйші, жыршы, қобызшы, сырнайшы сияқты өнерпаздар болды. Қазақтың дәстүрлі ән-күйлері, дастандар, тұрмыс-салт жырлары, түрлі музыкалық аспаптармен сүйемелденіп айтылатын аңыз-ертегілер және т.б.- халықтың ежелгі мәдениетінің осынау баға жетпес мұрасы көркем-эстетикалық талғамды дамыту, халықтың музыка өнерінің негізін игеру үшін таптырмайтын құнды материал [2].

Музыка теориясын жасаған Шығыстың  ұлы ойшылы оның басты нысаны – өнердің өкілі болып саналатын музыканың мән-маңызын зерттеу деп есептеген. Ал музыканың тарихи заңдылықтарын зерттеген Әбу Насыр әл Фараби: «Оның дүниеге келуіне табиғи және сезімталдық қасиеттер әсер етті», – деп жазады. Ол бұл қасиеттерге адамның музыканы жазу мен жасауға қабілеттігін, ауыр еңбек бүтіндей тартып әкеліп, шаршаудан серпіліп, демалуға ұмтылуды жатқызады. Осылайша Әбу Насыр әл-Фараби халық шығармашылығының бастауы болып саналатын – музыкамен поэзияның қызметін былайша айқындайды: біріншіден, тынығу – адамдар ән тыңдау арқылы демалумен қатар рахатқа бөленеді; екіншіден, әсерлі сезімді шығармашылық  – өз тәнінің жағдайына әсер еткісі  келеді:  оның бойындағы белгілі бір жағдайдан, үрей – қорқыныштан жұбату, одан  серпілту немесе бірдеңені ұмыту; үшіншіден, белсенді шығармашылық – ән шырқау арқылы өзінің айтқан ауызекі сөздеріне белгілі бір мән-мағына беріп, тыңдаушыны әсерге бөлеп, оның көз алдына терең түсіністік жағдайын елестету [3].

Сондықтанда қазақ мектептерінің алдында биік міндеттер мен асулар тұрды. Аталған міндеттер қазіргі таңда одан да зор, еліміздің егемендігін басқа дамыған мемлекеттер деңгейіне жетілдіру, жеткен білім жиынтығымен қаруландыратын, оған ұйымдасқан түрде бірлесіп, жоспармен жұмыс істеуді, теорияны, тәжірибені ұштастыруды үйрететін жаңа адамдар тәрбиелеп шығаратын қазақ мектептерін ұйымдастыру. Өткенімізге көз тастасақ 1920 жылдан бастап қазақтың музыка мәдениеті де ойдағыдай өркендеп, қалыптаса  бастады.

Бұл салада қазақ мектебінің атқарған міндеттері өте үлкен. 1919-1920 оқу жылдары қазақ мектептерінде басқа сабақтармен қатар сурет салу, қол өнер ісі, жалпы ән сабағы жүргізілетін болған.

Ол сабақтың аты бері келе «Ән-күй», «Ән-музыка» сабағы деп аталып, кейін 1960-1970 жылдары – «Музыка сабағы» деп өзгертілді. «Ән-күй» сабағы деп аталудың өзінде үлкен мән бар екенін айта кеткен дұрыс.
Мектеп пен арнаулы оқу орындар қабырғасында жастарға музыкадан сауат ашу мәселесі күн санап күшейе берді. Осы жағдайды терең сезінген, еңбек жолын мектеп мұғалімінен бастаған Ахмет Жұбанов 1933 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде «Музыка әліппесі» деген атпен баспадан оқулық шығарды. Бұл жағдай қазақтың музыкалық әдебиетін одан ары дамытудың тарихи кезеңдерінің бірі еді. Қазақ мектебі өзінің даму жолында көптеген кезеңдерді басынан өткізді. Қаншама жылдар, ғасырлар бойы қазақтың сазды әні, күмбірлеген күйі елден-елге, ауыздан-ауызға тарап келсе, енді жаңа дәуірге, жаңа мәдениетке көтеріліп, мектептегі қазақ балалары «ән-күй» сабағының үстінде «Музыкалық әліппе» пайдаланатын болды. «До, ре, ми, фа, соль, ля, си» деген музыкалық дыбыстың анық теориялық заңдарын музыка тілінде оқып, барлығын құлақпен тыңдап, көзбен көріп, музыка сауатын қолмен жазу жетістігіне жеткен қазақ балалары мен жастары өз қабілеттерінің қауызын жасып, таланттарын таныта бастады.        

1950 – жылдары «Ән-күй» сабағына арналған жинақтар, домбыра үйрену мектебі, оркестірді қалай ұйымдастыру туралы оқулықтар, хорды басқару, «Ән-музыка», «Ән әліппесі», «Ән музыка сабағы» атты санаулы оқулықтар, методикалық нұсқаулар шығы бастады. Бұдан соң «Ән-күй» сабағының оқу бағдарламары ретке келтіріліп, «Музыка» сабағы деп өзгертілді. Бұл салада елеулі еңбек еткен өнер ғылымының докторы, академик А.Жұбанов, композитор Л.Хамиди, өнер ғылымының кандидаты Б.Ғизатов, музыка зерттеушілер Х.Тастанов, Ө.Бәйділдаевтар осы еңбектің авторлары. Осының нәтижесінде музыка сабағы үш бағытта өткізілетін боды: ән айтып үйрену, музыка тыңдап үйрену және музыка сауатын үйрену.

Мектеп білім беру саласының ең маңызды өзегі болып табылғандықтан, әрбір жасөспірімнің сауат ашуынан бастап дүниеге көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы, білікті манан болуы, ең бастысы, жақсы азамат болуы мектепте қалыптасатыны ешкімнің дауын тудырмайтыны анық. Бүгінгі таңда Қазақстанның тәуелсіздік алуы қазақ мектептерінің санын ұлғайтып, тіліміздің, салт-дәстүріміздің, төл тарихымыздың жаңа бағытта дамуына мүмкіндік туғызды. «Білім» бағдарламасында «балалар мен жастарды тербиелеудің ең көкейкесті мәселелері ретінде білім мекемелерінде оқушылардың этностық- мәдени ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу, білім берудің тиімді жүйесін жасап, өмірге ендіру» қажеттігі атап көрсетілген. Қылышынан қан тамған жауды жалғыз ауыз сөзімен тоқтатқан, жастайынан ел басқарып, жалғыз найзамен жауға шапқан халықтың бүгінгі ұрпағын қай бағытта тәрбиелеу керек. Міне, осыған жауап беретін ұлттық мектептің қажеттілігі – уақыт талабы.

Академик Ш. Амонашвили «грузин тілінде сабақ беретін мектептердің бәрін бірдей ұлттық мектеп деп айтуға болмайды, нағыз ұлттық мектеп болу үшін онда грузин халқының рухы болуы керек»-деген екен. Ұлттық рухымызды жасөспірімнің бойына қалыптастыру, ең алдымен, ата-ананың, екінші мектептің міндеті болып саналады. Сондықтан қазақ жеріндегі мектептердің өткен тарихын зерттеу арқылы болашаққа көз жүгірту – өзекті мәселелердің бірі болмақ [4].

Демек біз де осы бағытты негізге ала отырып білім беру жүйесін дамытуға өз үлесімізді қосуымыз тиіс. Қазіргі қоғамды дамытудың ғаламдық факторы білім мен ғылым болып табылады. Ал, сол ғылым мен білімнің ішіндегі музыкалық білім беру жүйесі жас ұрпақты мәдениетті, білімді, ақылды да сымбатты болып өсуі үшін ең жоғары мүмкіндіктерді қолдануды мақсат тұтады. Еліміз егемендік алып, өз шаңырағымызды тіктеген тұста ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, білімімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндеті қойылды. Әсіресе бастауыш мектеп оқушыларының өз елінің, халқының соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын қалыптастыру-дағы музыка өнерінің маңызын айқын көруге болады.

Әдебиеттер

1. ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 30.11.2015 ж.

2 Бидахметова Э. Қазақ мектептерінде музыкалық тәрбиенің берілу тарихынан. – http://uzdikter.biz/an-sabagi, 2013 ж.

3 Аль Фараби Трактат о музыке /Аль-Фараби. Избранные трактаты. – Алматы: Ғылым,1994. 

4 З. Сексенбаева, Қ. Әбдіразақов Музыка теориясының негіздері. Оқу құралы. – Қызылорда, 2005. -52 б.

Джолдыбаева С.А.

№1 Жетісай балалар өнер мектебінің мұғалімі.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН ӘН-КҮЙ САБАҚТАРЫ АРҚЫЛЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған