Бүгінгі таңда Түркістан облысында 25 мың агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады. 2024 жылы 106,4 мың гектарға мақта дақылы егіліп, жалпы егістіктің 12 пайызын құрады.

Күзгі жиын-терім барысында туындаған мәселелерді дер кезінде шешу және тауар өндірушілер арасында ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жұмыс тобын жасақтап, жағдайды тұрақты бақылауына алды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай және Мақтаарал ауданының шаруаларымен кездесіп, алқалы мәжіліс өткізді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мемлекеттік қолдау аясында қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталғанын айта келе, бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыс есебін ұсынды.

Мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар күрмеулі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта қабылдау бекеттерінің жұмысын жүйелеу, мақтаны сұрыптай отырып бағалау, су үнемдеу технологиясын ендіруге қатысты сұрақтарға жауап бере отырып Нұрбол Тұрашбеков:

– Мақтаның бағасы түспеу үшін өздеріңізбен бірге оның сапасын арттыруға күш салуымыз керек. Ұсыныстарыңыз орынды, егілетін мақта тұқымына көңіл бөлу керек. Бұл бағыттағы әкімдік тарапынан қолға алынған бастамалар ең алдымен шаруашылықтардың мүддесін көздейтінін атап өткім келеді, – деді ол.

Қазіргі таңда әкімдік тарапынан мақта өңдеуші зауыт басшыларының және қоғамдық ұйымдардың келісімдерімен, сондай-ақ қоғамдық ұйым белсенділерін қатыстыра отырып арнайы мобильді жұмыс тобы құрылды. Мобильді топ арқылы қыркүйек айында бақылау жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттарының мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылар толық сертификаттаудан өткізілді.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚОС АУДАННЫҢ ШАРУАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған