ҚҰРМЕТТІ АПАЛАР, АРДАҚТЫ АНАЛАР, ҚАДІРМЕНДІ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР, ҚАРЫНДАСТАР!
Сіздерді 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақта: «Дүниеде үш нұр бар. Біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, ал үшіншісі – ананың нұры» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – ықылым замандардан тіршілік атаулының анадан тарайтындығын меңзейтін асыл ұғым. Еліміздің, облысымыздың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген әрқандай әйелдің өмір жолы – тұнған шежіре. Қоғамның барлық саласында аянбай еңбек ете жүріп, жақындарына жылу сыйлай білетін әйелдер қауымы қандай құрметке де лайық деп есептеймін. Түркістан облысы еліміздің демографиясына өлшеусіз үлес қосып отырған өңір. Бұл ретте алтын құрсақты апа-аналарымыздың айрықша еңбегі бар екені даусыз. Ұрпақ тәрбиесі мен ерен еңбекті қатар алып жүрген аналарымыз қандай да болсын марапат пен мақтауға лайық. Қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен өрнектелген Тұмар ханым, Ұмай ана, Айша бибі, Домалақ ана, қолбасшы Бопай ханым секілді тұтас ұлтты тәрбиелеп, халықты қалыптастырып, мемлекетімізді баянды етуге мол үлес қосқан аналарымыздың игілікті ісін бүгінде зиялы, ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтық-қоғамдық белсенділер қатарындағы қыз-келіншектер жалғастыруда.
Айталық, білім беру, денсаулық сақтау, халық ағарту түрлі салаларда еңбек етіп, мемлекетіміз бен облысымыздың дамуына сүбелі еңбек сіңіруде. Ендеше, көктемнің көңіл жадыратар кезеңіндегі осы бір даталы мерекеде Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!
Құрметті аналар! Сіздер әлемнің жарығы мен нұрысыздар! Сол шапақты нұрдай күннен күнге құлпырып, әлем бесігін тоқтаусыз тербете берулеріңізге тілектеспін!
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев
Мерекелік құттықтау