Бүгінгі таңда әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басып, жан-жақты қарқынды дамып келеді. Ата Заң – тұтас халқымыздың жарқын істерінің қайнар бастауына айналды.
Тұтастығы мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі болған «Конституция күні» мерекесінде Жетісай ауданында тағы 90 отбасы баспаналы болып, үздік қызметкерлер марапатталды.
Мемлекетіміздің өркендеп дамуының басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу, қастерлеуді міндетім әрі парызым деп білетін елжанды азаматтардың бүгінгі өнегелі істерін өскелең ұрпаққа үлгі етуді көздеген аталмыш шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Жұртшылықты айтулы күнмен құттықтады.
«Біз Ата Заңымызды құрметтеу арқылы Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз» деді аудан басшысы өз құттықтауында. Сонымен қатар, мерекелік шара барысында аудан басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға сату құқығынсыз берілетін 90 тұрғын үйдің кілтін табыс етті.
2023 жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қаралған 862 млн. 331 мың теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік 90 тұрғын үй сатып алынған болатын. Биылғы жылы мемлекеттен бөлінген 1 млрд 404 млн теңгеге жаңадан салынған тағы 90 үйді сатып алу жоспарланып отыр.
Тәуелсіз республикамыздың тірегіне, мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамуының қайнар бастауына айналған «Ата Заң» мерекесінің 29 жылдығында аудан әкімі Серік Үсенұлы елдің әдеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтарды да алғыс хаттармен марапаттады. Сый-сияпат жасады.
Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын басты құжаттың айтулы мерекесінде аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Жетісай аспанын күймен көмкерді. Келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
МЕРЕКЕЛІК ДАТАҒА ОРАЙ ЖЕТІСАЙДА 90 ҮЙ ТАПСЫРЫЛДЫ