Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Шардара ауданында жан жадыратар жағымды жаңалықтар орын алып, әз-Наурызды қуана қарсы алып отырған халықты тағы да қуанышқа бөледі.
Жан жадыратар жаңалығымыз – 20 наурыз күні Көксу ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекенінде «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Көксу ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Көптен бері жөндеу көрмеген мәдени нысанның іске қосылғанына ауыл халқы айырықша риза болысты. Сонымен бірге осы күні аталған мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне орай Көксу ауылының төл перзенті, айтыстың ақтаңгері атанған Камал Ендібаев атындағы «Қызыл тілім, сайрасын» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды.
Жерлесіміз, ақын Қазыбек Исаның сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің «Шардара» әнімен шымылдығы түрілген жиынның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Шардара ауданының мәдени әлеуеті өте жоғары деп есептейміз. Спортшыларымыз, әншілеріміз бен сазгерлеріміз, осы өлкеден шыққан ақындарымыз республикалық, халықаралық, әлемдік додаларда топ жарып жүр. Кезінде Камал Ендібаевтай айтыс өнерінің алып тұлғасы шыққан осы ауылдың жас өнерпаздары ендігі жерде өнерлерін осы мәдениет ошағында одан әрі шыңдай түсіп, мерейімізді асқақтата береді деп сенеміз» деді. Сонымен бірге ақынның аяулы жары Бибайша Мұстафаеваның иығына оқалы камзол жауып, гүл шоқтарын табыстады.
Салтанатты жиынның қадірлі қонағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері, жерлесіміз, ақын Қазыбек Иса жиналған көпшілікті айтулы мерекелерімен құттықтай келе: «Бүгінгідей мереке қарсаңында Шардара ауданында маңызды шаралар орын алып отыр екен. Өнерлінің өрісті болуы үшін оған осындай орда керек, оған осындай орта керек. Ордаларыңыз тігіліпті, енді орталарыңыз өнерлі жастарға толсын. Шайырларының атақтары аспандап жатқан ауданнан алдағы уақытта Камал ағамыздай айтыскер ақындардың шығатынына сенімдімін» деді.
Мұнан соң өнерсүйер қауым жыршы-термешілердің сайысын тамашалады. Жыршы-термешілер сайысына К.Ендібаевпен үзеңгілес болған белгілі сазгер, айтыс ақыны Мұхтар Құралов пен ақын Ағман Сабырхановтың қонақ болып келуі байқаудың бағасының салмақты екендігін танытты. Аталған азаматтар кеш барысында К.Ендібаевтың ақындық қасиетіне айырықша тоқталды.
Сонымен жырсүйер қауым тағатсыздана күткен байқауда 9 үміткер өзара өнер жарыстырды. Олар бірінші кезекте К.Ендібаевтың термелерін, екінші кезеңде еркін тақырыпта термелер орындады. Үміттерін үкілеп бәйгеге түскен тоғыз термеші әрбір туындыны тамылжыта орындап шықты. Еліміздегі карантиндік шараларға байланысты көптен бері мұндай шараларды тамашалай алмай жүрген өнерсүйер қауым термешілердің өнеріне ықыластана қолдау білдіріп отырды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Сәкен Бегманов қанжығасына байлады. Бірінші орынды Көксу ауылының тумасы Берік Исақов иемденді. Екінші орынды Қызылқұм ауылының намысын қорғаған Алмагүл Сатыбалдиева иеленді. Қоссейіттік Талғат Құлыншақов пен аудандық мәдениет сарайының қызметкері Қанат Дауылбаевтар үшінші орынды өзара бөлісті. Ұзын ата ауылынан келген Серік Тасқұлов аудан әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды. Камал ақынға арнайы арнау шығарып келген Роза Шығанақова «К.Ендібаев атындағы», Қ.Тұрысбеков ауылының термешісі Ахансері Маханов «Молда Мұса атындағы», Алатау батыр ауылының термешісі Бақдәулет Жұмаділла «Уәли Исақов атындағы» жүлделерді иеленді.
МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛЫП, ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ