
Жаратылыстану бағыты бойынша білім беру саласын дамыту – қазіргі таңдағы білім беру саласының басты мәселесі. Елімізде 300 ден аса мамандық түрлері болатын болса, соның 80% ға жуығы физика пәнімен тікелей қатысты екендігі ғылымда дәлелденген. Осы мақсатта мектеп оқушыларының физика пәніне қызығушылығы мен сұранысы басым.

Мұғалім – оқушының өздігінен еңбек етіп, іздену жолындағы шамшырағы екені ақиқат. Мен де алдымда отырған, білім шыңына ұмтылған шәкірттерімнің жолында шамшырақ ретінде жарық сыйлап келемін. Оқытудың жаңа технологиясын қолдана отырып, пәнге деген қызығушылығын арттырып келемін. Сондай сабақтарымның бірімен бөліскім келеді. 10-сыныпта өтілген «Идеал газ. Газдардың молекулалық- кинетикалық теориясының негізгі теңдеуі» тақырыбында сабақта идеал газ моделін сипаттау мен тәуелділік графигіне есептер шығаруды мақсат еттім. Оқу мақсатына жету үшін интербелсенді әдістердің қазіргі таңдағы ең заманауи түрі, білім алушыларды пәнге қызықтыратын сандық технологиялар : Learning App, D-ID ,Word wall платформаларын тиімді пайдаландым. Аталған платформалар арқылы оқушылар термодинамикалық параметрлерді, температураның физикалық мағынасын сәйкестендіріп, салыстырып нақты формулалармен жүйелі зерттеуді меңгерді. Физикалық шамаларға қатысты есептерді де аталған платформаларды қолдана отырып шығаруда белсенділік танылды. Интербелсенді әдістерді қолдану арқылы менің көз жеткізгенім, оқушылардың ынтымақтастық, белсенділік, пәнге деген қызығушылықтары артады. Нәтижесінде ынтымақтастық педагогикасы мен бірлескен оқу орын алып, жағымды психологиялық ахуал қалыптасады.
Қоғамда туындап жатқан түрлі мәселелер білім саласына да өзгерістер алып келіп, заманауи технологиялармен қаруланған жастарды дайындауды қажет етеді. Оқушының кез келген пән бойынша өз ойын сыни тұрғыдан саралап жеткізіп, тыңдай білу,нақты шешім қаылдай алу қабілеттерін шыңдайтын, дамытатын ортасы – сабақ . Сондықтан да әр мұғалім сабақты барынша түрлендіріп, қызықтырып өте білсе, заман талабына сай жеке тұлға қалыптасып шығатыны анық.
А.ӨМІРОВ,
№44 «Жаңа дала» ЖББМ физика пәнінің мұғалімі.