Қымызды сүйсініп ішпейтін қазақ кемде-кем шығар. Ал, енді жайылымы тар, жерінің оты кем саналатын Мақтаарал ауданында бие байлап, қымыз өндіру қиынның қиыны. Бірақ, солай екен деп қол қусырып отырмайтын адамдар да баршылық. Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев ауылының тұрғыны Нұралы Әбдіоразов жерлестерінің талап-тілектерін ескере отырып, мұның да қисынын тапты. Ол үй іргесінен үлкен қора салып, күнделікті 10 бие сауып отыр.

Бізді кәсіпкердің үйіне Бірлік ауылдық округінің әкімі Сәкен Кенжеев ертіп бастап әкелді. Әкім жол-жөнекей ауылдасының іскерлігін айтып келді. «Жақсыны көрмек үшін» деген, біз де іскер азаматты көргенше асықтық.

Бүгінде Нұралыға тапсырыс берушілер көп. Той-жиын жасайтындар әуелі осы үйге келеді. Бұдан тыс денсаулығына байланысты саумал ішетіндер де бар. Олар белгілі уақытта қаздай тізіліп, Нұралының ауласында тұрады. Осылайша денсаулығын түзеп алғандардың бұл отбасыға айтар алғыстары шексіз.

Кәсіпкер осыған дейін шаруашылықтың түрлі саласында еңбек етіпті. Ойлана келе өз кәсібін ашуды жөн санаған. Отбасымен ақылдаса келгенде қымыз өндірісі тиімді екені алға шыққан. Өйткені, бір жылдары бұл отбасы өздері үшін бие байлап, қымыз баптағанда көрші-қолаңдар жиі келгіштеген. Сырттан келген қонақтар да олардың бал татыған қымызына сүйсініп аттанған екен. Ал, Мақтаарал ауданының жағдайында бие байлау тіпті оңай шаруа емес. Мұнда жазиралы дала, сарқыраған бұлақ, басына бұлт үйірілген тау жоқ. Төңіректің барлығы мақталық алқап. Ал, қозапаяны жылқы жемейді. Бірақ, қазақ майлы ас жеп, қымыз ішпей тұра ала ма?! Осыларды екшей келгенде Нұралы аудан, ауыл үшін қымыз өндірудің тиімді екеніне көз жеткізді. Алғашқыда екі-үш бие байлаған Нұралы уақыт өте келе олардың санын онға жеткізді. Қазір тәулігіне     30-40 литр қымыз дайындайды. Дайын өнім ашып кетпес үшін бірнеше тоңазытқыш сатып алған. Бірнеше сабада қымызды дембіл-дембіл сапырып, бабына келтіріп отырады. Сол сабаларды киікотымен ыстап отыруды да ұмытпайды. Киікотыны Түлкібас жақтан арнайы алдырады. Осындай сабада бапталған қымыз тұтынушылардың талғамына сай келеді. Бие күніне төрт-бес рет сауылатыны белгілі. Мұндайда жұбайы Роза Есенова мен інісі Бекалы Райымбеков тыным таппайды. Сауылған сүтті арнайы сүзгіден өткізіп, ыдыстарға құяды. Ашытып, қымыз жасайды.

Жайылымның жоқтығынан олар жемшөпті сатып алады. Қысы-жазы жылқыны қорада ұстау да оңай шаруа емес. Сондықтан Нұралы қосымша қаржы көзі болсын деп 7 гектар жерге мақта өсіреді. Оның лизингке алған 2 тракторы жыл бойы тыным таппайды. Мақтаны күтіп-баптау, суару, күзгі жиын-терім де қол күшін қажет етеді. Бұл аз десеңіз, Нұралы Әбдіоразовтың ауласында көкөністің бірнеше түрі өседі. Олардың күтімі де отбасының өз мойнында.

Балалар жаздай қызанақ, қиярды өз ауласынан үзіп жейді.

– Қазір қарап отыратын кез емес. Жатқанға жан жуымайды. Сондықтан біз де заман талабына сай өз кәсібімізді аштық. Құдайдың берген үш баласы бар. Солардың қамы үшін ерте тұрып, кеш жатамыз. Қимылдағанның қыр асатынын ауыл адамдары түсініп қалды ғой, – деді Нұралы бізбен әңгімесінде.

Шаруаның шағын ауласы бізге береке бастауындай көрінді. Аула шағын болғанымен мұнда бір цех толық қуатында жұмыс істеп тұрғандай. Біз еңбекқор отбасыға табыс тілеп, жолға шықтық.

С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.

ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫМЕН КӨПШІЛІКТІ ТӘНТІ ЕТУДЕ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған