Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды: «Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту басты міндеттің бірі. Осы бағытта ауқымды жұмыс жүруде», – деді.
Бүгінде облыста жалпы 2,1 млн. тұрғын (2 млн. 97 мың адам) немесе халықтың 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған (737 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға жетеді. Екі жылда 187 мың тұрғын ( 91 елді мекен) табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9 пайызға жетеді (557 елді мекен).
Осы жерде айта кетерлігі – Жетісай ауданына Қызылқұм ауылдық округіне қарасты, Қарасақал елді мекенінің тұрғындарын газбен қамтитын құбыр пайдалануға берілді Жалпы сметалық құны 647,4 млн теңгені құрайтын газ құбырының ұзындығы 23,659 шақырым. Тұтынушы абонент саны – 95, тұрғындар саны 500-ден асады. Осы аталған магистралды газ құбыры бойында орналасқан 10 елді мекеннің де құрылысы аяқталып, 1216 абонент табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Алдағы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай, Абай ауылдық округінің Халықтар достығы, Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс, Әбдіхалық, Мырзашөл елді мекендеріне газ берілмек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, атқарушы техникалық құжаттамалары рәсімделуде. Тиісті сала мамандары Жетісай ауданында жыл соңына газдандыру деңгейінің 70,4 пайызға жететінін, ал, 2027 жылы бұл көрсеткіштің 100 пайыз болатынын айуда.
Ал биыл облыста 1161 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 560 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94 пайызға жеткізіледі.
Сондай-ақ, биыл құрылғанына 90 жыл болған (1934 жылы) Кентаудағы жылу орталығы 85 пайызға тозған. Осыған орай, орталықты қайта жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, бүгінгі таңда 4 қазандыққа қайта құру жұмыстары толық аяқталып, штаттық режимде жұмыс істеуде. 2 қазандықта қайта құру жұмыстарын аяқтауды жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылды. Қазіргі уақытта жылу желілеріндегі температура белгіленген нормативтен де жоғары берілуде.