Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді жалпыхалықтық дауысқа салуға санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда аталған референдум барысы жан-жақты талқыланып, халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
   Осы мақсатта ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы Шардараға арнайы іс-сапармен келіп, референдум мен Конституциялық реформаға қатысты әуелі аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында аурухана ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев, аурухана қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуді аудан әкімі Қ.Жолдыбай ашып, жүргізіп отырды.
    Басқосуда алдағы референдум ел дамуы үшін жасалатын маңызды қадам екендегін ерекше атап өткен Қ.Төлепұлы: «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Референдум – қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары елді мекендерге іс-сапар барысында ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді түсіндіру және референдумды қолдауды насихаттау шаралары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар тарапынан шешімін таппаған түйіткілді өткір мәселелер талқылануда. Осы мақсатта сіздермен кездесу ұйымдастырып отырмын» – деді.
     Сондай-ақ, аурухана қызметкерлері референдум өткізу мәселесі бойынша өз көзқарастарын білдіріп, бірауыздан қолдау білдіретіндерін жеткізді.
    Кездесу соңында депутат аурухана ұжымына әділетті қоғамды қалыптастыру жолында саяси өзгерістің қажеттілігін айтып, оған жауапкершілікпен қарау керектігін өтінді. Және де алдағы 5 маусым күні өтетін референдумға бір кісідей атсалысуға шақырды.
    Аталған шара аудандық ардагерлер үйі мен Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде жалғасын тауып, ондағы халық пен ұйым мүшелері өз тараптарынан Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, осы саяси науқанда ауқымды түрде бірге жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.
АТА ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған