ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың  8-ші қазаннан бастап, ауданымыздың әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов кент және округ тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізуде. Оның халықпен алғашқы жиыны аудан орталығы – Мырзакент кентінде болып өтті. Онда аудан басшысы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды айта келіп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту маңызды міндет екенін атап көрсетті.

Кездесу барысында Б.Насырханұлы ауданда ағымдағы сегіз ай көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, инвестиция тарту, салық түсімін молайту, шағын және орта бизнесті қолдау, агросаланы және отандық өндірісті дамыту бойынша жүзеге асып жатқан тірліктерді баяндады. Сондай-ақ, алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстарға да кеңінен тоқталды.

Осы жиын кезінде халыққа ашық микрафон ұсынылып, азаматтар аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікір ұсыныстарын айтты. Мырзакент кентінің тұрғындары А.Е Ли, С.Жүсіповтер кент аумағындағы тік дренаждарды кідіріссіз жұмыс істету мәселесін көтерді. Кент тұрғыны С.Гасанова  С.Қожанов көшесінің аяқ жағына жарықшам орнатылса деген өтінішін айтты.

Ал түс қайта аудан басшысы «Жаңа жол» ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуде жарыссөзге шыққан «Нұрлы жол» ауылының тұрғыны Ж.Құдіретов «Нұрлы жол» және «Жеңіс» ауылдарында тік дренаждарды іске қосуды, насосты жаңартып, лотоктарды бетондау қажеттігін айтса, ал ауылдық округтің тұрғыны Н.Елеуов «ПУИД -2» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысанның сапасына баса көңіл бөлу керек деген ұсынысын білдірді.

Әлеуметтік маңызы ерекше кездесу барысында аудан басшысы Б.Насырханұлы тұрғындардан түскен сұрақтарға,  өтініштерге тиянақты жауап беріп, айтылған әрбір мәселе бойынша, іс-шара жоспары жасалып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.

ӘРБІР ӨТІНІШ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған