«Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» атты ұранымен Түркістан облысының мемлекеттік қызметкерлері арасындағы қысқы маусымдық біріншілігі аяқталды. Спорттық жарыстар Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Волейболдан және үстел теннисінен өткен жарыс жеңімпаздарын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құттықтады.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында тартысты өткен бұл сайысқа барлық департамент, басқарма қызметкерлерінен құралған командалар қатысты. Олимпиадалық орталық спорт кешенінде волейболдан аяқталған жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапатталды. Сондай-ақ Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы, генерал Қайрат Дәлбеков пен Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті, генерал Хаким Қошқалиев те мемлекеттік қызметкерлерді жеңістерімен құттықтады. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының полиция департаментінің командасы бас жүлдені жеңіп алса, күміс жүлдені басқармалардан құралған «Қыран» командасы иеленді. Ал, қола жүлдені облыстық статистика басқармасының қызметкерлері еншіледі.
Сонымен қатар, өңірімізде мемлекеттік қызметкерлер арасында үстел теннисінен кезекті спартакиада өз мәресіне жетті. Тартысты өткен сайыста ерлер арасында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Дамир Абенов бірінші орынды иеленді. Ал, жүлделі екінші орынды төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Бағжан Барат еншілесе, жүлделі үшінші орынды Түркістан облыстық сот қызметкері Рауан Мариев ие болды.
Ал, қыздар арасында топ жарған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мамандары Ақерке Қалмұрзаева мен Арайлым Тастемір шеберлігімен қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіс тұғырының бірінші және екінші сатысына көтерілді. Жүлделі үшінші орынға еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің «ВТЭК» командасының ойыншысы Малика Худайбергенова жайғасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдер мен Кубоктармен марапатталды.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен волейболдан жарыстан Сайрам ауданынан келген команда бас жүлдені иеленіп, жеңістің шыңын бағындырды. Бұдан басқа жүлделі екінші орынды Түркістан командасы иеленсе, өздерінің белсенділігімен көзге түскен Бәйдібек ауданының мемлекеттік қызметшілері үшінші орынды қанағат етті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮЗДІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ